Қаскелең қаласының тұрғындары бірнеше жылдан бері электр энергиясынан тарығып келеді. Жарық көзі болғанымен, күніне бірнеше рет сөніп қалады. «Әсіресе жаңбыр жауып, жел соқса қиын», – дейді тұрғындар. Жергілікті билік өкілдері бұл жағдайдан хабардар, деп хабарлайды 24KZ.
Қаскелеңдіктер бұл ықшам ауданды 22-ші – 30-шы квартал деп атайды. Үп еткен жел тұрса жарық сөнеді. Бұл заманда барлық шаруа электр энергиясына байланғандықтан, қиын. Базыналарын айтып талай рет әкімдікке барыпты. Қыста көше шамдарының қажеттілігі қатты сезіледі. Ата-аналар мектептен қайтатын баласының қауіпсіздігіне алаңдайды.
Самарқан Байжанов, Қаскелең қаласының тұрғыны:
– Жауын жауған күндері күніне 10 рет өшеді десек, артық болмайды. Өйткені барлық көшелерде бір-бір жеке трансформатор қойып алған. Бұл жақта тұрғындардың барлығы – жастар. Балаларын мектепке апарады. Кешке жақын қайтарында қараңғы. Көше толған иттер. Еріксіз әр балаға бір адам еріп барып, күні бойы күтіп тұрып, қайта алып келіп жүреді.
Әкімдік қызметкерлері мәселені мойындап отыр. Айтуларынша, тиісті құжаттар әзірленген. Келесі жылы бұл шағын аудан толық әкімдік қарамағындағы электр желісіне ауыстырылады. Ал оған дейін жекеменшік трансформаторды пайдалануға мәжбүр.
Асылхан Есбаев, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары:
– Ендігі жылға, яғни 2027 жылға Қаскелең қаласы әкімі аппараты тарапынан аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жаңа трансформатор қоюға өтініш берілді. Бір трансформатор осы елді мекенге орнатылатын болады.
22-ші – 30-шы квартал шағынауданында мың жарымға жуық тұрғын бар. Мұндағы халықты жарықтан бөлек, жол мәселесі де алаңдатып отыр. Себебі 2022 жылы басталған жол құрылысы аяқсыз қалған. Салдарынан елді мекеннің негізгі және қосалқы көшелеріне асфальт төселмеген. Жергілікті халық осы уақытқа дейін құзырлы органдарға бірнеше рет шағымданған, бірақ одан нәтиже болмаған.
Абылай Манабаев, Қарасай ауданы Көлік және жол бөлімінің бас маманы:
– Осы жылы Сарыжайлау көшесі Ташкентский көшесіне шығатындай етіп, 1,6 шақырымға жоба жасадық. Жоба құны – 150 млн теңге. Келесі 2027 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталатын болады. Қалған көшелер бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жалпы жоспар бойынша үш жыл ішінде Қарасай ауданы бойынша 911 шақырым жолды толық асфальттау көзделген.
Жергілікті билік өкілдері бұл кемшіліктерді кезең-кезеңімен шешуге уәде етті. «Тұрғындар соның барлығы қағаз жүзінде қалып кетпесе игі», – дейді.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев
Тегтер #24KZ #Алматы #жарықтандыру #электр энергиясыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz