Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың қатары жылдан-жылға азайып келеді. Бүгінде 39 ауылдық округте бірде-бір жанұя жәрдемақының аталған түріне иек артпайды. Оң өзгеріс әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлжан Иманғалиева тігін ісімен жас кезінен шұғылданады. Бұрын үйден тапсырыс қабылдап келсе, биыл өз ательесін ашып, жеке ғимарат жалдапты. Кәсібін кеңейтуге мемлекеттік грант көмектескен. 1 млн 700 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға ол қажетті құрал-жабдықтар сатып алыпты. 4 баланың анасы қазір отбасылық бюджеттің бүйірі бұлтия бастағанын айтады. Бүгінде балаларына жәрдемақы алып отырғанымен, келешекте мемлекет қолдауына қажеттілік болмасына сенімді.
Ұлжан Иманғалиева, Орал қаласының тұрғыны:
– Декретте мен 13 жылдай болдым. 13 жылда бос отырған жоқпын. Заказдар келіп, клиенттерім сапалы киімдерімді көріп хабарласып, үйге көп кісі толып кеткен соң, бөлек орталыққа шағын кәсібімді ашуға тура келді. Осы уақытқа дейін баламен мен ешқайда шыға алмаған соң, жолдасым жалғыз жасап, қазір үй салып жатырмыз. Ол кісіден де, менен де көмек болады. Сол жайлап жеткілікті болып жатыр.
Жұмыс істеп, отбасын өз бетінше асырау мүмкіндігі бәрінде бірдей емес. Сол себепті әлеуметтік төлемдердің өңірдің көптеген тұрғындары үшін әлі де маңызы зор. «Алайда мұндай көмек нағыз мұқтаж жандарға жетуі тиіс», – дейді сарапшылар.
Алина Тоғжанова, махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы:
– Айта кеткім келетіні, жәрдемақылар негізінен мұқтаж жандарға тағайындалады. Мәселен, өзіміз айтып өткендей, мүгедектігі бар адамдарға не көп балалы аналарға. Бірақ жәрдемақы алатындардың бәрі бірдей оған мұқтаж емес. Қай заманда да ақша артық болған емес. Сол себепті де қосымша табыстан ешкім ресми түрде бас тартпайды. Ал нақты жағдайға келсек, адамдар табысын жасырады не осы жәрдемақыны алу үшін деректерді дұрыс көрсетпейді. Мұндай жағдайлар жиі кездесіп жатады.
Бүгінде өңірде 1374 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Келте жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген жанұяларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Біріне тұрақты жұмыс ұсынады, енді бірін кәсіпке оқытады, ал кейбіріне өз кәсібін ашуға көмектеседі.
Саян Баймұханов, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
– Соның ішінде 291 адамды жұмыспен қамту шараларына тартқан болатынбыз. Соның ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа, жастар тәжірибесіне, тұрақты жұмыс орындарына тартылған болатын. Соның ішінде биыл екі азаматымыз қайтарымсыз грант алған болатын. Енді ол бағытта жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Биыл облыс бойынша 39 ауылдық округте АӘК алушылар күні бүгін жоқ. Өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстыратын болсақ, АӘК алушылар 12 отбасыға азайып отыр.
Ал жалпы биыл өңірде 21 мың тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылған, соның 12 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан, 181 азаматқа қайтарымсыз грант беру көзделген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап
Тегтер #24KZ #Атаулы әлеуметтік көмек #БҚО #әлеуметтік қолдауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz