Қазақстанда балаларға қатысты 350-ден астам буллинг әрекеті жасалған. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембековтің айтуынша, көрсеткіштің өсуіне деректерді анықтау және тіркеу әсер етті. Балалар арасындағы қысым мен әлімжеттіктің алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынды?, деп хабарлайды 24KZ.
Елордадағы мына мектепте қауіпсіздік шаралары қатаң қолға алынған. Балалардың дәліздегі жүрісін мұғалімдер ғана емес, бейнебақылау камералары да қадағалайды. Білім ордасында 200-ден астам техника орнатылған. Оның 34-і жасанды интеллектінің көмегімен істейді. Жүйе кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Камералар оқушылардың агрессиялық әрекеттерін, мектеп тәртібін бұзу және балалар арасындағы зорлық-зомбылық белгілерін тіркейді.
Айтжан Әбілмәжінов, №101 мектептің цифрландыру жөніндегі директорының орынбасары:
– Жүйе бет-бейнесі бұлыңғыр етіп көрсетілген сегіз секундтық бейнежазба ұсынады. Онда адамның жүзі көрінбейді, тек оқиғаны түсірген камера туралы ақпарат беріледі. Нақты уақыт аралығын анықтап, оқушылардың қай сыныптан екенін және не болғанын арнайы мамандар тексере алады. Барлық әрекет бірден назарға алынады.
Алайда камераға түскен әр жағдай буллинг емес. Кейде балалар жай ғана сөзге келіп немесе ойнап жүріп ренжісуі мүмкін. Ал кейбірі өзіне жасалған қысым жайлы ешкімге айтпайды. Сондықтан мектепте төрт психолог жұмыс істейді. Олар оқушылардың көңіл күйі мен мазасыздық деңгейін «Балажан» бағдарламасы арқылы тексереді.
Шолпан Әдепбаева, педагог-психолог:
– Осы бағдарлама бойынша балаларға диагностика жүргіземіз. Егер оқушының тым мазасыз болып жүргенін байқасақ, оны жеке шақырып аламыз. Әр баламен жұмыс істейміз. Әсіресе құрдастарымен қарым-қатынасына назар аударамыз. Кейбір балалар сыныпта мазақтау немесе буллингтің болғанын айтады. Мұндай мәселелерді ашық талқылаймыз. Төрт психологтың бірлесе әрекет етуі әр баламен сапалы жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жанжал мен буллингтің ара-жігін ажырата білу маңызды. Келіспеушілік кезінде тараптар өзара ортақ шешімге келе алады. Ал буллинг дегеніміз – бір баланы жүйелі түрде қорқыту, кемсіту немесе қудалау. Мұндай кезде жәбірленуші көбіне өзін қорғай алмайды. Сондықтан сырттай бақылап қана қоймай, дер кезінде ересектерден көмек сұрау қажет. Оқушылар да мұндай кезде кімге жүгіну керегін біледі.
Саида Жетпісова, мектеп оқушысы:
– Егер сыныптасымды біреулер ренжітіп жатқанын көрсем, алдымен сынып жетекшісіне айтамын. Содан кейін психологқа барамын. Өйткені ол буллингке қатысты мәселелерді шешуге әрдайым көмектеседі. Біздің сыныпта өзара қарым-қатынасымыз жақсы. Бәріміз тату-тәттіміз. Ешқашан буллинг болған емес.
Буллингтің алдын алу балалармен әңгімелесумен ғана шектелмейді. Мұндай әрекетке барғандар үшін заңда жауапкершілік қарастырылған. Әлімжеттік жасағандарға немесе олардың ата-аналарына ескерту жасалып, 10-нан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі оқушыларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған ауқымды бағдарлама әзірлеп жатыр. Жоба миллион баланы қамтиды. Оның аясында мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен полиция өкілдері біліктілігін арттырады.
Авторлары: Дариға Ташенова, Нұрсая Эльбрусова, Мадияр Қындыбаев
Тегтер #балалар #буллинг #кәмелетке толмағандар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz