Қазақстандықтар Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдайды. Әлеуметтік желі қолданушылары заң алдындағы теңдік, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік пен қоғамдағы адалдық мәселелеріне қатысты пікір білдіріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, лауазымы мен қоғамдағы беделіне қарамастан, әр азамат заң алдында бірдей жауап беруі тиіс, деп хабарлайды 24KZ.
Заң бәріне ортақ. Қоғам қайраткері, бұрынғы мемлекеттік қызметкер, шымкенттік Алмасбек Мамытбеков әлеуметтік желідегі жазбасында осы мәселеге ерекше тоқталған. Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күрес ең алдымен заң алдындағы теңдіктен басталады. Мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы мен құрылыс сапасының сақталуы да халықтың билікке деген сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір жауапты тұлға өз ісіне есеп беруі тиіс.
Алмасбек Мамытбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Менің пайымдауымша, «Заң мен тәртіп» әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналғанда ғана қоғамда нақты өзгеріс болады. Мемлекеттік қызмет те ең алдымен халыққа адал қызмет етуді білдіреді. Жоғары лауазым үлкен жауапкершілік жүктейді, ал халықтың сенімі құр сөзбен емес, нақты іспен ақталуы тиіс.
Бұл ұстанымды Түркістан облысының тұрғындары да қолдап отыр. Өңірдегі іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Инара Әбдіғаппарқызы жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік мекемелердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтады. Оның сөзінше, мемлекеттік қызмет – жеке басының пайдасын көздейтін мүмкіндік емес, халыққа қызмет етудің құралы болуы тиіс.
Инара Әбдіғаппарқызы, Түркістан облысының тұрғыны:
- Мемлекеттік қызметтің беделі лауазыммен немесе марапатпен емес, халыққа тигізген нақты пайдасымен өлшенуі тиіс. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, заң үстемдігін сақтау және қоғамдық жауапкершілікті арттыру әрбір азаматтың күнделікті өмірлік қағидатына айналуы қажет.
Ал қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов «Заң мен тәртіп» қағидаты спорт саласында да берік орнығуы тиіс деген пікір қалдырған. Оның айтуынша, спорттағы әділ бәсеке мен тәртіп қоғамдағы заң үстемдігімен тығыз байланысты. Спорт нысандарына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, мемлекеттік қолдаудың әділ бөлінуі және жас спортшыларға тең мүмкіндік берілуі өте маңызды.
Сәкен Бибосынов, Түркістан облысының тұрғыны:
- Әділетті қоғам құру әрқайсымыздың өз ісімізге адал қарауымыздан басталады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, заңға құрмет және адал еңбек спорт саласының да берік қағидатына айналуы қажет. Нағыз чемпион – тек жарыста жеңген адам емес, өмірде де әділдік пен адалдықты ту еткен азамат!
Әлеуметтік желідегі пікірлерді ортақ ой біріктіреді. Жазба авторлары Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдап, әділетті қоғам құру әр адамның өзінен басталатынын алға тартады. Бастысы жемқорлыққа қарсы азаматтық жауапкершілікті арттыру маңызды.
Тегтер #қазақстандықтар #Заң мен тәртіп #Мемлекет басшысы #әлеуметтік желіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz