RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда кең ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды

23.11.2026, 17:40 30

Павлодарда биыл 23 магистральдық көшенің 45 шақырымына асфальт төселіп, жеке сектордағы 33 көше жөндеуден өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Одан бөлек, 100 үйдің ауласы жаңғыртылып, 17 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жалпы қаланың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асуда.

Павлодарда қаланың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары аяқталды. «Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, жолдар жөнделіп, 15 шағын сквер абаттандырылды, 100 ауланың жолына асфальт төселіп, 10 бағдаршам орнатылды. Атқарылған жұмыстардың барлығы қаланың көркін жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Данияр Жұмәділ, Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Биыл бұрын-соңды болмаған көлемде жұмыс атқарылды деп сеніммен айта аламыз. Қаланың 23 негізгі магистральдық көшесіне жөндеу жүргізілді. Олардың жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, біз қазір үлкен көшелерді аяқтап, жеке сектордың көшелеріне де ойысып жатырмыз. 33 көше жеке сектордағы жолы жаңартылды, жаңадан асфальт төселді. 17 шақырым жаяу жүргіншілердің жолы жаңартылып жатыр.

Бүгінгі таңда тұрғын үй аулаларының барлығында дерлік ойын алаңы бар. Бұл жұмыстар балабақшаларды да қамтыды. Сонымен қатар шағын футбол, стритбол және Street Workout алаңдары салынды. Үйлердің жанындағы шағын скверлер тұрғындарға жақын жерде серуендеп, спортпен айналысып, демалуға мүмкіндік береді. Ал «Өнерлі шаһар» жобасы қала көшелерін көркейтіп, қалаға ерекше сән берді.

Айнагүл Сәрсенбаева, Павлодар қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Осы жылы біздің қаламызда «Өнерлі шаһар» атты жоба іске асырылды. Бұл жоба облыс әкімі Асайын Байхановтың және Павлодар қаласының әкімі Хабар Қабылбековтің қолдауымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ осы жоба аясында қазіргі уақытта аса маңызды «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» идеологияларының негізгі қағидаттарын қалыптастырдық.

«Өнерлі шаһар» жобасы аясында тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, еліміздің әр өңірінен келген суретшілер қала көшелеріне муралдар салды. Соның бірі – өңір тарихын бейнелейтін «Ұлы Дала» туындысы. Қаланы көркейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz