Сыр мен қырдың арасы жақындай түсті. «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының Ұлытау облысына тиесілі бөлігінде жаңғырту жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жарты ғасыр жөндеу көрмеген 208 шақырым жолды халықаралық 4 компания бір жарым жылдың ішінде салып шықты.
«Қызылорда – Жезқазған» трассасы елдің оңтүстігі мен солтүстік өңірлерін жалғайтын ең төте жол. Дегенмен ұзақ жылдар жөндеу көрмей, екі ортада қатынас қиындады.
Абдолла Дастан, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
– Мынау Жезқазғаннан түскі сағат бірде шыққан «Газель» көлігінің ертеңіне кешкі сағат бесте Қызылордаға жеткенін көрген адаммын. Жолдың ауырлығы қандай болғанын осыдан-ақ көруге болады. Сондықтан бүгінгі қуанышымыз ерекше. Мұны сезіну – біз үшін бақыт. Шын мәнінде, қуанып тұрмыз.
Төлеген Бүкіров, Жезқазған қаласының тұрғыны:
– Бұл күрежол Қызылорда мен Жезқазғанды ғана емес, Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін жалғайды. Сондай-ақ Жезқазған мен Ұлытау арқылы Арқалыққа, еліміздің батысына дейін баратын үлкен транзиттік жол болады. Қалай айтсақ та, халық бұған қуанышты.
Жаңғыртудан кейін екі қала арасындағы жол жүру уақыты екі есеге қысқарды. Жобаны іске асыруға 108 млрд теңге жұмсалды. 3 қабат асфальт төселіп, 4 көпір, 100-ге жуық су өткізу құбыры мен мал өткелі салынды.
Әсел Жанасова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі:
– Енді еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындары Астанаға жету үшін Балқаш арқылы 2 мың шақырымнан астам жол жүрмей, Елордаға 12 сағатта жетіп алатын болады. Яғни біз жекелеген жолдарды емес, ел экономикасының қаңқасын салып жатырмыз. Бұған дейін аталған жолмен тәулігіне шамамен мың көлік жүрсе, енді бұл көрсеткіш 5 мың көлікке дейін артады деп күтілуде.
Жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша келер жыл аяқталуы тиіс еді. Қырық жыл жол азабын тартқан көпшіліктің тілегі бойынша көлік қозғалысы уақытынан бұрын ашылды. Жол бойына демалыс орындары мен қызмет көрсету алаңдарын салу келер жылға жалғасады. Жолдың сапасына мердігерлер 5 жыл кепілдік беріп отыр. Ал оны күтіп ұстау жұмыстарына «ҚазАвтоЖол» компаниясына қарасты кәсіпорын жауапты.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
– Арнайы автоматтандырылған таразылар қоямыз. Келесі жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Ең алдымен, ауыр жүк көліктерімен күресеміз. Бұл бағытта арнайы бағдарлама бар. Сонымен айналысамыз. Сондай-ақ жолдарды уақтылы күтіп ұстау жұмыстарын жүргіземіз. Яғни қар тазалаймыз. Ол үшін арнайы техника сатып алынды.
Облыста республикалық маңызға ие мың шақырымға жуық жол бар. Оның 79 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл көрсеткішті келер жылы 95 пайызға жеткізу жоспарда. Қазір Жезқазған мен Қарағандыны жалғайтын жаңа жол салынып жатыр.
Алмат Жөкебаев, Құрылтай депутаты:
– Жол дегеніміз – сауда-саттықты дамыту, еліміздің географиялық әлеуетін мүмкіндігінше пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту. Сонымен қатар жол бойындағы елді мекендердің барлығының дамуына септігін тигізетін жобалар. Сондықтан мұны осы жобалардың басы деп білеміз. Келесі күтетін жаңалығымыз – «Қарағанды – Жезқазған» жолының аяқталуы.
Облыста келер жылдан бастап жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге басымдық беріледі. Атқарылатын жұмыстар Премьер-министрдің орынбасары Көлік министрі – Әсел Жанасованың қатысуымен өткен жиында талқыланды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #24KZ #жаңғырту жұмыстары #күрежол #автожол #Қызылорда #ЖезқазғанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz