Алматы облысында жылу маусымы басталғалы бері 93 өрт оқиғасы тіркелген. Былтыр өрт пен улы газдан екі адам қаза тауып, тағы екі тұрғын иіс тиіп ауруханаға түскен еді. Биыл адам өліміне жол берілген жоқ, деп хабарлайды 24KZ.
Құтқарушылардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Пешті дұрыс жақпау, мұржаны уақытында тазаламау немесе электр сымдарының ақауы. Осындай қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу өртке себеп болуы мүмкін. Сондықтан жылыту маусымында құтқарушылар тұрғын үйлерді аралап, қауіптің алдын алуға тырысады. Биыл мамандар бес жүзден астам профилактикалық іс-шара өткізіп, 700-ден аса улы газ датчигін орнатқан.
Берік Сәрсенбаев, саяжай тұрғыны:
– Әрине, бұл өзімнің отбасымның амандығы үшін керек нәрсе. Өте дұрыс деп ойлаймын. Датчикті орнатқызып берді. Пеш туралы да бәрін айтып, өздері түсіндірді.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері биыл жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, иіс газын анықтайтын 2400-ден аса құрылғы орнату жоспарлаған. Өткен жылыту маусымында датчиктер 228 рет іске қосылып, қайғылы жағдайдың алдын алуға себеп болған.
Нұржан Нұғыманов, Алматы облысы ТЖД Өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Қазіргі таңда жылыту маусымы басталғалы бері бізде 90-нан астам өрт оқиғасы тіркелді. Өрт қауіпсіздігіне қатысты айтар болсақ, жылыту пештерінде жарықтар пайда болады. Адамдар сол жарықтарды дер кезінде жөндемегендіктен және мұржаны уақытылы ыстан тазартпағандықтан, осындай оқиғалар орын алады.
Құтқарушылар көпбалалы отбасыларды, мүгедектігі бар азаматтар мен жалғызілікті зейнеткерлерді арнайы бақылауға алған. Инспекторлар олардың үйлеріне барып, жылыту жабдықтарының жай-күйін тексереді. Қажет болған жағдайда иіс газын анықтайтын жаңа құрылғыларды орнатады.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсенбай
Тегтер #24KZ #жарнама #Алматы облысы #өрт қауіпсіздігі #Қонаев #жылу маусымыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz