Бірінші жарты жылдықта Қазақстанды 4 млн-нан астам турист аралады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша шетелдік қонақтардың дені Астана мен Алматыда болған, деп хабарлайды 24KZ.
Салаға жауапты министрлік жазғы туристік маусым жақсы аяқталғанын алға тартады. Қызмет көрсету көлемі 15%-ға артып, экономикаға қосқан үлесі едәуір ұлғайды. Дегенмен салада шешімін таппаған мәселелер әлі бар. Сарапшылар ішкі туризмнің дамуын тежеп тұрған түйткілдерге тоқталды.
Биыл алты айда туризм саласына 174 млрд теңге түсті. Салалық министрлік осындай ақпарат берді. Жарты жылда Қазақстан табиғатын 4 млн 129 мың турист аралаған. Келушілер Алматы қаласы, Алматы, Ақмола, Маңғыстау облыстары мен елдің оңтүстігі және шығысына көп барған. «Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде азаматтар қауіпсіздікті бірінші орынға қояды. Бұл өз кезегінде ішкі туризмнің дамуына түрткі болды», – дейді сарапшылар. Бірақ саланы ілгерілету үшін көркем табиғаттың болуы жеткіліксіз. Мамандар «инфрақұрылымның жетіспеуі, кей жерде жолдардың болмауы мен білікті кадр тапшылығы туризмді тежеп тұр» деген пікір айтты.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
– Негізгі назар инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға, визалық саясатты жетілдіруге, жаңа туристік өнімдер жасауға, Қазақстанды халықаралық нарықта танытуға және білікті мамандар даярлауға аударылды. Жұмысымыздың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі – Қазақстанның халықаралық туристік бәсекеге қабілеттілігі. Қыркүйекте жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексі бойынша еліміз 119 елдің ішінде 56-шы орынға ие болды.
Салаға туристер мен инвестиция тартумен тоқтап қалмай, кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасау маңызды. Министрдің айтуынша, биыл бизнеске әкімшілік кедергілерді жоятын бірнеше заң қабылданды. Ол туристік автобустарға «жасыл дәліз» орнатуды қамтиды. Бұл елге келген туристік топтардың шекарадан өту уақытын қысқартады.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Әлішер Әшімов
Тегтер #24KZ #турист #Ұлттық статистика бюросы #Таңдаулы #туристік нысандарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz