Интеллектуалдық поэзияның шебері. Ақын Бекжан Әшірбаевты замандастары осылай атайды. Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада марқұмның «Жанартау» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды 24KZ.
Тұсаукесерге анасы, үзеңгілес достары мен зиялы қауым жиналды. «Өмір жарысы», «Көңіл ағысы», «Жүрек қағысы», «Әр сөзімді әнмен айтқым келеді». Кітапқа қаламгер өмірінің соңғы жылдары жазған осындай өлеңдері енді. Онда туған жер, ана тілі, ел тарихы мен адамгершілік қасиет туралы жырланады. Аудармалары да бар. Бекжан Әшірбаев оқырманға жазба поэзияның өкілі ғана емес, айтыскер ақын, журналист, сазгер ретінде де таныс. Оның қаламынан шыққан «Көршінің қызы» әнін, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жатқа біледі. 2008 жылы ақынның алғашқы «Қоңыр әуен» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Бекжан Әшірбаев жазда 52 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ұлбике Әшірбаева, Бекжан Әшірбаевтың анасы:
– Жастайынан-ақ мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде де Бекжан өлең жазуға құмар еді. Аудандық баспасөз, аудандық «Мақтарал» газетінде де талай өлеңдері оқушы болып жүрген күннің өзінде жарияланды. Ал енді, бір ғана арманы орындалмай қалды. Ол туған жерде өзінің шығармашылығын өткізіп, әндерін тыңдатып, халыққа насихаттау болатын.
Темірғали Көпбай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын:
– Бекжанның әр өлеңі өзінше бір бөлек ойға құрылады. Адам күтпеген шешім жасайды, тосын шешімдермен аяқтайды. Астарлы ой айтудың нағыз шебері. Ойды астарлап айтудың, кәдімгі интеллектуалдық поэзияның нағыз өкілі деп айтуға болады.
Тегтер #24KZ #жанартау #Бекжан Әшірбаев #ақын #тұсаукесер #кітапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz