RU
Толық нұсқаға өту

Мемлекеттік қолдау ғылыми жаңалықтарға жол ашты

24.11.2026, 07:39 25

Қызылорда облысындағы жоғары оқу орындары ғылым мен цифрлық технологияларды дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан да айрықша қолдау бар. Кейінгі жеті жылда елде ғылымды қаржыландыру көлемі 3,6 есе артып, 261,5 млрд теңгеге жеткен. Осы уақыт аралығында 655 мың 680 грант бөлініп, шәкіртақы мөлшері 2 жарым есе өсті, деп хабарлайды 24KZ.

Мұндай өзгерістер өңір ғалымдары мен студенттердің қызметіне қалай әсер етті?

Ағынды суды тазарту, ауыл шаруашылығы дақылдарын қуаңшылыққа бейімдеу және жаңа құрылыс материалдарын әзірлеу жобалары. Қорқыт ата атындағы университеттің зертханасында жас ғалымдар өңір үшін өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жатыр. Заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, тәжірибелік үлгілер әзірлеуге Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттары мүмкіндік берген.

Нұрғали Ақылбеков, Қорқыт ата атындағы университет зертханасының бас ғылыми қызметкері:

– Қазіргі таңда ғылымға бөлінетін қаржы көлемінің артуына байланысты түрлі бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы қалдықтарынан белсендірілген көмір, целлюлоза және басқа да пайдалы қосылыстар мен сорбенттер алу бағытында зерттеулер жүргізілуде. Алынған сорбенттер ағынды суларды тазарту мақсатында қолданылып жатыр.

Зертханаларда агроөнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жарату жұмыстары жүріп жатса, университетте цифрлық бағыт та қарқынды дамып келеді. Жасанды интеллект институтында студенттер деректерді талдау және экономика мен әлеуметтік салаға арналған қолданбалы IT-шешімдерді меңгеруде. Шәкіртақының өсуі мен білім гранттарының қолжетімді болуы жастардың алаңсыз оқу мен ғылыми жобаларға ден қоюына жол ашты.

Асылхан Айсалбаев, Қорқыт ата атындағы университет студенті:

– Бұл – біз үшін үлкен қаржылық қолдау. Өйткені қаражат мәселесіне алаңдамаймыз, түнде қосымша жұмыс істеудің де қажеті жоқ. Соның арқасында ешқандай күйзеліске түспей, бар уақытым мен күш-жігерімді білім алуға бағыттай аламын.

Тұрақты ғылыми база мен мемлекеттік қолдау дарынды жастардың өңірде тұрақтап, еңбек нарығының сұранысына сай маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Нұрбол Аппазов, Қорқыт ата университеті инжинирингтік-технологиялар бағдарламаларының профессор-зерттеушісі:

– Қаржыландыру көлемі үш есеге дейін артты. Соның нәтижесінде зерттеулер жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар, реактивтер мен қондырғылар сатып алуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар шетелдік әріптес жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға іссапарға барып, зерттеулерді жоғары деңгейде жүргізуге және олардың нәтижелерін әлемдегі жетекші әрі беделді ғылыми басылымдарда жариялауға жол ашылды. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне тоқталатын болсақ, университетте жас ғалымдарды қолдауға арналған ректор гранты қарастырылған. Бұған дейін оның жылдық көлемі 10 млн теңгені құраса, үш жыл бұрын 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал өткен жылдан бастап грант көлемі 30 млн теңгеге дейін көтерілді.

Жүйелі жүзеге асқан жұмыстар өңірдің дамуына берік негіз қалайды. Енді мұнда ғылыми жаңалықтар мен озық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz