RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

2027 жылы декреттік төлемді есептеудің шекті мөлшері 770 мың теңгеге дейін өседі

24.11.2026, 12:16 22

Келер жылдан бастап Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін айлық табыстың шекті мөлшері 770 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Қазір бұл көрсеткіш 595 мың теңге. Ал биылғы жылдың 10 айында осындай төлемді 130,1 мың отбасы алып, оларға жалпы 144,6 млрд теңге аударылған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Декреттік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, өзі үшін әлеуметтік аударымдар жасалған әйелдерге тағайындалады. Оның мөлшері декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа және еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына қарай есептеледі.

2026 жылы есепке алынатын айлық табыстың ең жоғары мөлшері 7 ең төменгі жалақыға тең, яғни 595 мың теңге. Ал 2027 жылы ең төменгі жалақының 110 мың теңгеге дейін өсуіне байланысты бұл шек те 770 мың теңгеге жетеді.

Қалыпты босану кезінде әлеуметтік төлем 126 күнге, ал босану асқынған немесе екі және одан да көп бала дүниеге келген жағдайда 140 күнге есептеледі. Егер әйелдің нақты жалақысы белгіленген шектен жоғары болса, айырмасын жұмыс беруші өтеуге құқылы. Бұл тәртіп еңбек немесе ұжымдық шартта қарастырылуы мүмкін.

Төлемді рәсімдеу үшін табыс туралы анықтама жинаудың қажеті жоқ. Еңбек өтілі мен әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан алынады. Өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе ХҚКО-да беруге болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz