RU
Толық нұсқаға өту

Ауылдарда интернет қамту келесі жылы 92%-ға жетпек

24.11.2026, 12:46 91

Биыл байланыс саласын дамытуға 500 млрд теңге инвестиция салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі мәлімдеді. Осылайша соңғы үш жылда салаға салынған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден аспақ. Нәтижесінде мобильді байланыс пен интернетке қолжетімді ауылдар саны көбейеді, деп хабарлайды 24KZ.

Шерхан Абзалұлы, тілші:

– Келер жылы онлайн хат-хабар алмасып, интернетті пайдалану үшін қора-қопсының төбесіне шығып, жол жиегін жағалап кететін ауылдықтар саны айтарлықтай азаяды. Бүгінгі Үкімет отырысы осындай жақсы жаңалықпен басталды. Қазір елдегі 6060 ауылдың 61%-ы ғана жоғары жылдамдықты интернеттің игілігін көре алса, келесі жылы бұл көрсеткіш 92%-ға жетпек. Қалған елді мекендердің 8%-ы шалғайда жатыр. Сондықтан желі тарту қиын. Дегенмен бұл шетте қалады деген сөз емес. Аталған ауылдар спутниктік интернетпен қамтылады. Осылайша 3G интернетпен қоштасатын күн де келді. Министр 2027 жылдың соңына дейін 4G желісі 5 мың ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс деді. Айтпақшы, енді абонент байланыс аясынан тыс жерде деген сөзді де аз естиміз. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымы мобильді байланыспен қамтылады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

– Баяндама жасағандардың қатарында бұрын осы саланың тізгінін ұстап, қазір Қазтелекомды басқарып жүрген Бағдат Мусин да бар. Оның айтуынша, келер жылға қарай спутниктік интернет 120 мыңнан астам үй шаруашылығын қамтиды. Цифрлық мүмкіндіктер артқан сайын киберқауіпсіздікті күшейту керектігі белгілі. Мусин бұл бағыт бойынша жұмыс жүйелі жүріп жатыр, дейді. Бұған дәлелі де бар. Былтыр шілде айынан бері Бас прокуратураның антифрод орталығының жасанды интеллект жүйелері 5 млн-нан астам алаяқтардың қоңырауының жолын кесіпті. Отырыс соңында Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға операторларымен бірлесіп, байланысты арттыру бойынша кестені бекітуді, интернеті нашар аумақтардың картасын қайта қарауды тапсырды.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Жандос Битабаров

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz