RU
Толық нұсқаға өту

Елде соңғы жеті жылда грант саны ұлғайып, шәкіртақы өсті

24.11.2026, 12:47 128

Елде жоғары білім қолжетімді бола түсті. Кейінгі жеті жылда маман даярлауға мемлекет тарапынан 1,5 трлн теңге бағытталды. Бұл қаражат 655 мыңнан астам талапкердің тегін білім алуына жұмсалды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған қоса, бакалавриат студенттері ғана емес, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы өсті. Түркістан облысының тумасы Бексұлтан Анарбеков қатарластарынан оқ бойы озық шығып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Кешегі озат оқушы – бүгінгі грант иегері. Ол қазір елордадағы Еуразия ұлттық университетінде тегін біліммен қоса, шәкіртақысын алып отыр. «Стипендия ай сайынғы азық-түлік пен жолақы сынды қажеттіліктерімді жапты», – дейді студент.

Бексұлтан Анарбеков, студент:

– Ақылы оқу қазір өте қымбат. Құны 1 миллион 600 мың теңгеден асады. Сондықтан бұл – үлкен жеңілдік. Шәкіртақы алу да отбасым үшін үлкен көмек. Қазіргі таңда ай сайын 52 372 теңге шәкіртақы алып отырамыз. Бұл қаражат күнделікті қажеттіліктерімізге жеткілікті.

Оқу инемен құдық қазғандай болса, сол білімді терең меңгеруге мемлекет барынша жағдай жасап отыр.

Кейінгі жеті жылда 655 мыңнан астам грант бөлінді. Олардың жалпы құны 1,5 трлн теңгеге жуықтайды. Бұл қаражат ұзақ мерзімді инвестициялық келісімшарт сомасымен пара-пар. Себебі осындай қолдау арқылы экономиканың маңызды салаларына маман даярланып шықты. Дайындалып та жатыр.

Наужан Дидарбекова, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Мемлекеттік білім беру тапсырысының 60 пайыздан астамы техникалық мамандықтарға, айти бағыттарға бағытталған. Ал 20 пайыздан астамы педагогикалық мамандықтарға, ал қалғанына мемлекеттік тапсырыстар, яғни ол әлеуметтік салаларға, басқа да салаларға бөлініп отырады. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде Еңбек министрлігі беретін еңбек нарығындағы сұраныстар ескеріледі. Соның нәтижесінде білім беру тапсырысы қалыптастырылады.

Кейінгі жылдары грантпен қатар, шәкіртақы көлемі де біршама артқан.

Салыстырсақ, 2019 жылы 20 949 болса, араға жеті жыл салып, стипендия көлемі 52 мың теңгеден асты. Бұл – бакаларв. Ал магистранттардың шәкіртақысы қазір 117 мың теңгеге жетті. Докторанттар ақысында үш еселеген өсім байқалады. Бір айта кететін жайт, болашақ педагогтердің алатын стипендиясында айырмашылық бар.

Наужан Дидарбекова, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Атап өту керек, педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттердің шәкіртақысы басқа мамандықтарда білім алатын студенттердің шәкіртақысына қарағанда жоғары. Яғни ол 84 мың теңгені құрайды. Бұл - өз кезегінде педагогикалық мамандықтарға келетін студенттерді қолдау, ол мамандықтың тартымды болуы бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі.

Кемел болашақтың кілті білім-ғылымда. Қазақстан мұны түсінгені қашан. Елдің ендігі жоспары – Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналып, жаһандық білім нарығының бір бөлшегі болу.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мерей Талап, Нұрғали Мамурбаев. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz