Ғылым мен бизнестің арасы жақындай түсті. Осы тұста агроғылым – өндіріс пен шаруалардың жұмысын ширата бастады. Мәселен, отандық ғалымдар елімізде алғаш рет жеміс-жидектермен байытылған өсімдік майын өндіріске шығарды. Осылайша, «Қазақстанда жасалған» өнімдердің қатары артты. Бұл ауыл шаруашылығының да адымын кеңейтуге сеп болып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
– Мына цехта күнбағыс дәнін қыздырмай сығып, май алады. Осылайша, отандық ғалымдар жеміс-жидекпен байытылған өсімдік майын дайындап, сатылымға шығарып жатыр. Мұндағы ғалымдар шаруалармен бірлесе жұмыс істеп, шикізатты да солардан алып отыр.
Осылайша, ғалым да, «жер емген» шаруа да жұмысын ширатып отыр. 4-5 жыл жұмсаған ғылыми жобасы бүгінде тәп-тәуір пайда әкелетін нәтижелі іске айналған. Күнбағыс өзімізде өсіріледі, одан дәрумендерге бай май алудың әдісін тапқан ғалым қазір үлкен зауыттағы өндірісті де өзі бақылап отыр. Мұнда майларды салқын сығымдау әдісімен алып, жидектермен байытады. Отандық ғалымның сатылымға шыққан майына қазірдің өзінде сұраныс артқан.
Жұлдыз Сатаева, ғалым:
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, ғылымның нәтижелерін өндіріске енгізу мәселелеріне ерекше мән берді. Біз сатылымға шықтық. Астана, Шымкент, Қарағанды, Көкшетау қалаларында бәіздің майлар сатылып жатыр. Көп қалалардан сұраныс болып жатыр. Ақмола облысындағы өсірілетін шемішке мен зыңыр дәндерін өңдейміз.
«Салқын сығымдалған әдіспен алынған майда дәрумендер мен минералдар, пайдалы май қышқылдары ең жоғары мөлшерде сақталады», – дейді мамандар. Биологиялық белсенді қоспа саналатын күнжіт, зығыр, түрлі жидек қосылған күнбағыс майларын да өндіріп отыр. Ғалымның өзі осылайша ғылым қорынан ұтып алған гранттың игілігін көріп отырғанын айтады.
Жұлдыз Сатаева, ғалым:
– Біздің жобамыз Ғылым қорының қаржыландыруымен жүзеге асып отыр. Бұдан екі жыл бұрын ғылыми жобамыз комерциаландыру жобасын ұтып алғанбыз. Содан биыл өндірісті қосып, нарыққа шығардық.
Ал бұндағы өндірістен қалған қабық, күнжараны да отынға немесе мал азығына арналған шикізат ретінде пайдаланады. Өйткені өндірістік топ өз жобасында май шығарып қана қоймай, өнімді қалдықсыз өңдеуді қолға алған.
Назгүл Құндызбаева, ғылыми кеңесші:
– Зығыр мен күнжіттен май алынған соң, сығымдалған күнжарасы қалады. Сығымдалған күнжіт, зығырды қайта өңдеп, ұн өндіріп жатырмыз. Мұндай ұндарды ботқаға, тәттілерді пісіруге, қамырға, соус секілді тұздыққа қосып, жалпы ұн қажет ететін кез келген жағдайда пайдалана аласыз.
Президент бұған дейін бірнеше мәрте ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуді тапсырған. Бұл тұста отандық ғалымдардың еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінде ғалымдар агро салаға бағытталған 679 ғылыми әзірлеме дайындаған. Ал 2015 жылдан бастап дән-дақылдардың 326 жаңа сортын шығарған. Оның 180-нен астамы тіркеуден өтіп, өндіріске енген.
Дос Тұрғанбаев, ҚР ҒЖБМ ғылым комитеті коммерциялизация және инновация басқармасының басшысы:
– Соңғы 5 жылда ғылымды қаржыландыру 3,5 есе артқан. Бюджетке сәйкес ол қазір 260 млрд теңгеден асады. Ғылым саласын тек біліммен ғана емес, сондай-ақ бизнеспен біріктіруді қолға алып отырмыз. Бұл еліміздің білім саласын экономикалық әлеуетіне айналдыру.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға қарай ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үрдісі 40%-ға дейін артады. Осылайша ауыл шаруашылығының өрісі кеңейе түспек.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әбілхамит Бөлекбаев
Тегтер #өндіріс #отандық ғалымдар #ғылымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz