RU
Толық нұсқаға өту

2050 жылға қарай литийге сұраныс үш еседен аса өседі

24.11.2026, 13:25 24

2050 жылға қарай әлемдік нарықта литийге сұраныс үш еседен аса өседі. Benchmark Mineral Intelligence зерттеу компаниясының дерегі бойынша, биыл ақ металды тұтыну 2 млн 110 мың тонна болса, қазіргі қарқынмен ширек ғасыр ішінде бұл көрсеткіш 7 млн тоннаға жетеді. Литийді цифрлық заманның «мұнайы» деп те атайды. Мұның себебі неде? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Қазір литийдің 55 пайызы тоқпен жүретін көлік өндірісінде қолданылса, 24 жылда бұл көрсеткіш 76 пайызға жетуі мүмкін. «Яғни 20 ғасырда соғыс мұнай үшін болса, енді цифрлық заманда ақ металға талас күшейеді», – дейді сарапшылар.

Крис Берри, House Mountain Partners сарапшысы:

– Литий ең жеңіл металл ретінде де танымал. Бұл химиялық элемент Менделеев кестесінде үшінші тұрады. Ең жеңіл метал болғандықтан компьютерлер мен ұялы телефондардың батареялары және электр көліктерінің аккумуляторлары осы литийден жасалады. Себебі ақ металл тоқты жақсы сақтайды.

Биыл литий бағасы мың құбылды. Қыркүйекте ақ металдың құны екі есе шарықтаса, осы айда 8 пайыздай құлдырады. Бұған Еуроодақтың шешімі себеп. Енді кәрі құрлыққа Қытайдан келетін гибрид көліктердің саны 350 мыңнан аспауы керек. Ұйымның бұл қадамы шығыстағы көршіміздің нарықтағы үлесін 2 есе азайтуға тиіс. Бұл жағдайда литийге сұраныс азая түсуі керек, әрине. Алайда сарапшылар бұл болжаммен келіспейді.

Крис Берри, House Mountain Partners сарапшысы:

– Кейінгі жылдары әлемдік нарықта литийге сұраныс жылына 20 пайызға артып келеді. Алдағы уақытта бұл қарқын артпаса, кемімейді. Ақ металдың 60-70 пайызын Қытай өндіреді әрі өңдейді.

Қазір әлемдегі темір тұлпарлардың небәрі 5 пайызы тоқпен жүреді. Алайда Ирандағы соғыс электр көліктеріне көшу мәселесін кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетті. Сол себепті кейінгі 4 айда әлемдік нарықта электр жүк көліктеріне сұраныс күрт артты. Қытайлық автоөндірушілер 17 мыңға жуығын сатқан. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Экспорттың жартысы Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жөнелтілді.

– И Джей Ли, Arcane Green Metal қорының менеджері:

- Электр жүк көліктеріне үлкен аккумуляторлар орнатылады. Биыл литийдің шамамен 7 пайызы осы салада қолданылса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 12 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Бұған қоса қазір жарты әлем жасыл энергияға көшуді бастап кетті. Бұл үдеріске де литийдің мол қоры қажет. Одан жел турбиналары және күн панельдері жасалады. Ал мұның құрлықтағы қоры шектеулі. Қазіргі сұранысты ескерсек, әрі кетсе 40-50 жылға жетеді. «Сондықтан кеніштерді қопарып қана қоймай, жаңа кен орындарын ашу да маңызды», – дейді сарапшылар.

– Кэмерон Перкс, Benchmark Mineral Intelligence директоры:

- 2050 жылға қарай сұранысты қамтамасыз ету үшін жаңа 134 кеніш қажет. Бұл үшін 100 млрд доллардан аса қаржы керек. Ал бір жаңа өндірісті жолға қоюға 15-20 жыл кетуі мүмкін. Қиындығы сол, инвесторлар тез табыс тапқысы келеді. Сондықтан қазір қорғаныс, жасанды интеллект секілді салаларға қызығушылық жоғары. Литийдің бағасы үнемі құбылып тұрады. Сол себепті жер қойнауын зерттеуге инвесторлар тарту әлдеқайда қиын.

Ал литийді өндіру мен өңдеу нарығында Қытайдың ықпалы басым. Сондықтан АҚШ шығыстағы көршіміздің экспортынан арылуға күш салып жатыр. Тіпті өндірістік қалдықтардан бағалы металды бөліп алудың тың жолын қолға алды. Құрама Штаттар бұл жобаға 50 млн доллар қаржы құйғалы отыр.

Рокс Вилденбоэр, Rainbow Rare Earths компаниясының қызметкері:

– Біз өндірістік қалдықтарды қайта өңдейміз. Мұны қоршаған ортаны тазарту ісі деуге де болады. Ал алынған сирек металдарды жасыл энергия мен жасыл технология саласына бағыттаймыз.

Сирек металл табиғатта таза күйінде кездеспейді. Басқа элементтермен араласып жатады. Оны бөліп алу үшін радиоактивті металдар қолданылады. Ал бұл топырақ және жер асты суларын ластайды. Бұған қоса екінші жолы да бар. Яғни тұзды көлдер мен сор жерлердің астындағы суды сорып, буландыру арқылы өндіреді. Демек экологиялық тәуекелі де жоғары. Сондықтан сирек металды өңдеу кешендері әлемде санаулы елде ғана шоғырланған. Соның бірі Чилидегі Атакама шөлінде орналасқан.

Кристобаль Бонелли, зерттеуші:

– Литий өндіру – суды да қоса сорып алу деген сөз. Бұл жай су емес, мыңдаған жыл бойы жиналған ежелгі жерасты қоры. Заманауи технологияларды жетілдіру ғана жеткіліксіз. Бұл мәселені толық шешпейді. Экологияға қалай әсер ететінін де ескеруіміз керек.

Олай болса, тығырықтан шығар жол қандай? Сарапшылар қайта өңдеуді қолға алу қажет деп санайды. Алайда қазір қолданыстағы литий батареялары мен аккумуляторларды тек 15 жылдан кейін кәдеге жаратуға болады. Ал ақ метал жасыл энергияға көшудің басты ресурсы. Сол себепті литийге ие болу әр ел үшін стратегиялық экономикалық маңызға ие.

Автор: Зайнұр Байжігіт

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz