RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан Халық Кеңесі спайкингке қарсы күресті күшейтуге көшті

24.11.2026, 14:49 21

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен Құрылтай депутаттары спайкингке қарсы жүйелі күрес жұмыстарын бастады. Спайкинг – жалпылама тілде айтсақ, тағамдар мен сусындарға қауіпті не психоактивті заттарды қасақана қосу, деп хабарлайды 24KZ.


Мұндай жағдай кісі қарасы көп шоғырланған орындарда, әсіресе жастар арасында жиі ұшырасатындықтан, билік өкілдері дабыл қағып, есірткіге тәуелділіктің таралу қаупін тыюды күн тәртібіне енгізді. Түйіткілді тақырып бұған дейін де Халық Кеңесінің алаңында көтерілген. Енді Кеңес мүшелері депутаттармен бірлесе нақты әрі құқықтық тұрғыдан негізделген кешенді шараларды әзірлеуге көшті. Мақсат – құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежелерін ажырату және әкімшіліктен қылмыстық жауапкершілікке дейінгі жаза тетіктерін қарастыру. Заңнамалық түзетулерді әзірлеу барысында дәлелдемелік базаны қалыптастыруға баса мән беріліп, полиция мен медициналық қызметтердің үйлесімді жұмысы және токсикологиялық зерттеулерді жедел жүргізу мәселесі шешуші рөл атқармақ. Сондай-ақ оқушыларға, педагогтер мен ата-аналарға арналған бірыңғай цифрлық қауіпсіздік бағдарламасын енгізіп, ғаламторда кәмелетке толмағандарды азғыру мен заңсыз әрекеттерге тартудан қорғау және құқыққа қайшы контентті бұғаттау тетіктерін дамыту көзделіп отыр.

Мәди Мырзағараев, Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы:

– Бұл мәселенің бүгін көтеріліп отыруы тегін емес. Себебі бұл күннен күнге өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Бәріміз де ұл-қыз асырап отырған ата-аналармыз. Қыздарымыздың, ұлдарымыздың болашағына алаңдаймыз. Сондықтан олардың болашақ өміріне, денсаулығына келетін қауіп-қатерлерді азайту, олардың жолын бөгеу, болдырмау мәселелері біздің ата-аналық борышымыз, парызымыз. Сондықтан да осы мәселенің Қазақстан Халық кеңесінің қабырғасында талқылануы заңдылық деп есептеймін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz