Жаңаөзенде газ электр станциясының құрылысы аяқталды.
Жоба Мемлекет басшысының елімізде қуаты 247 мегаватт болатын гибридті электр станциясын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Энергонысанның құрылысын "ҚазМұнайГаз" ұлттық операторы мен италиялық "Эни эс-пи-эй" компаниясы бірлесе атқарды.
Мұнай-газ кен орындары тығыз шоғырланған Маңғыстауда энергияға деген сұраныс артып келеді. Әсіресе жаз айлары ток желілерінде апаттық сөну, шектеудің болуы Жаңаөзендегі "ҚазМұнайГаз"-ға еншілес компаниялардың қызметіне нұқсан келтірді. Гидридті станция осы мәселені түбегейлі шешуге бағытталған.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Жалпы Қазақстан үшін мақтаныш болатындай жоба. Әлемдегі мендегі ақпарат бойынша ең үлкені болып есептеледі. Аустралияда бар 115-тік, біздегісі ең үлкені.
Энергожобаның алғашқы кезеңі саналатын қуаты 50 МВт күн электр станциясы былтыр күзде пайдалануға беріліп, бүгінге дейін 93 млн кВт•сағ энергия өндірген. Құрылысы енді аяқталған газ электр стациясы 120 мегават ток өндіруге қауқарлы. Жалпы бұл станция биыл шілдеден бері 26 млн кВт•сағ көлемінде алғашқы өнеркәсіптік электр қуатын бере бастаған.
Асхат Хасенов, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
- Мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен іске асырылған жоба. Қазақстандағы ең бірінші гидридтік станциясы. Инвестициялық көлемі 100 млрд теңгеден асады. Құрылыс кезінде мыңнан астам жұмысшы жұмыс жасады. Эксплуатация кезінде жаңа жұмыс орны ашылатын болады, 47 нақты айтқанда. Келер жылы жел электр станциясын аяқтайтын боламыз толығымен.
Қазір Жаңаөзенде қуаты 77 МВт болатын жел электр станциясы салынып жатыр. Жылдың соңына дейін алғашқы жел қондырғылары орнатылуы тиіс. Айта кетсек, гибридті станция "ҚазМұнайГаз" және "Эни эс-пи-эй" компаниялары арасындағы көпжылдық ынтымақтастық пен мемлекеттен көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесі. Жоба 2027 жылы толық қуатына шыққан соң энергияның шамамен 35%-ы жаңартылатын көздерден өндіріледі.
Авторлары Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Маңғыстау #газ электр станциясы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz