RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанға 1 млн-ға жуық турист келді

25.11.2026, 08:40 110

Түркістан облысында ішкі туристер саны 1 млн-ға жуықтады. Өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Кейінгі жеті жылда қонақүй қызметін пайдаланатын ішкі туристер саны 44 пайызға артты, деп хабарлайды 24KZ.

2019 жылы бұл көрсеткіш 150 мың адам болса, 2025 жылдың қорытындысымен 500 мың адамға жетті. Ал 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 2 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Түркістанға келетін туристердің де, қонақтардың да бірінші бас сұғып, аялдайтын жері – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Мамандар мұнда пандемияға дейін жылына 1 млн 200 мыңға дейін зияратшы келгенін айтады. Одан кейін 2023 жылы күрделі ғылыми зерттеу жұмыстарына байланысты кесененің негізі бөлігі жыбылды. Бұл да келушілер санының азаюына өз әсерін тигізді.

Нұрлан Дүкенбаев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары:

– Тайқазанның жабық болуы туристердің келуіне әсерін тигізді. Қазіргі таңда кесененің 35 пайызы жабық, 65 пайызы жұмыс істеп тұр. 2026 жылғы 10 айдың қорытындысымен «Әзірет сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына келушілердің жалпы саны 750 мыңға жуықтады. Қалаға келуші басқа бағытты таңдайтын туристер көп.

Ал әкелі-балалы Джейсон мен Люк Омерслилер Түркістанға Ұлыбританияның Лестер қаласынан келген. Әлемнің 20-дан астам елін аралаған саяхатшылар Қазақстанды өздеріне ұнаған бес елдің қатарына қосып отыр. «Ал Түркістан жылы, әрі жайлы», – дейді.

Джейсон Омерсли, турист /Ұлыбритания/:

– Біз мұнда қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ танысу үшін келдік. Қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тидік. Бізге Түркістан ұнады. Таза, тарихи орындарға өте бай қала екен. Қаланың тазалығы мені ерекше таңғалдырды. Адам да көп емес, қала кең, сондықтан жүріп-тұру өте ыңғайлы. Әзірге алған әсерім өте жақсы.

Туризмнен түсетін салық 630 млрд теңгеге жетті

7 жыл бұрын Түркістан облысына 1,5 млн-ға жуық ішкі турист келсе, оның тек 10 пайызы ғана түнеген. Оның 18 мыңнан астамы шетелдік туристер. Ал биылғы жылдың 10 айында өңірге 1 млн-ға жуық адам келген. Оның ішінде қонақ үй қызметін пайдаланған 400 мың адамның 64 мыңы шетелдік саяхатшылар. Өңірде экологиялық туризмге де қызығушылық артып келеді. 7 жыл бұрын ұлттық табиғи парктерге 50 мың адам келсе, биыл 180 мың адамға дейін өсті. Туристер ағынының артуы саланың экономикалық көрсеткіштеріне де оң әсер етті.

Асқар Әбубәкіров, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы:

– Қызмет көрсету көлемі 2019 жылдары 1,2 млрд теңге болса, қазір 8 есе өсіп, 8,5 млрд теңгеге жетті. Бұл Түркістан облысына түскен табыс. Инвестиция көлемі 2019 жылы 30 млрд теңге болса, қазірдің өзінде 133 млрд теңге біздің инфрақұрылым мен туризмді дамытуға бағытталған қаражат. Салық саласында 2019 жылы егер 200 млрд тг шамасында болса, қазірдің өзінде 630 млрд-қа жетті. Кемінде үш есе өскен.

Өңірде қонақүй инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. 7 жыл бұрын облыста 148 нысан болса, қазір олардың саны 300-ден асты. Төсек орын саны 5900-ден 11 мыңға дейін өсті. 2019 жылы облыста туроператорлардың саны саусақпен санарлық қана болса, бүгінде өңірде 11 туроператор, 45 турагенттік компания және 66 гид-экскурсия өкілі қызмет көрсетеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz