Тараздық студенттер өндіріс қалдығы – фосфогипсті жол құрылысына пайдалануға болатынын дәлелдеді, деп хабарлайды 24KZ.
«60 жылдан бері қордаланған қалдықты кәдеге жаратуға болады», – дейді жас зерттеушілер.
Тараз қаласының батыс бөлігіндегі тау болып үйілген мына қалдықтар – фосфогипс. Алпыс жылдан астам уақыт бойы жиналған өндіріс қалдығының көлемі бүгінде 18 миллион тоннадан асып кеткен. Ғалымдар оны қайта өңдеу арқылы сан түрлі салада кәдеге жаратуға болатынын айтады.
Қаладағы Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің студенттері фосфогипсті жол құрылысына пайдалануға болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Мұндай тәсіл Ресейде, Татарстанда, АҚШ пен Германияда да қолданылады. Жас зерттеушілер бірнеше сынақ жүргізіп, диаметрі небәрі 3 сантиметр болатын фосфогипстің 200 келіден астам салмаққа төтеп беретінін анықтаған. Енді олар жобаны толық аяқтап, жергілікті билікке ұсынуды жоспарлап отыр. Сөйтіп тәжірибелік жол төсеуге рұқсат алмақ.
Бауыржан Күмісбек, РХТУ студенті:
– Бізде жаңбыр көп болғандықтан, фосфогипстің өзі ылғалды қатты сіңіріп, лай сияқты болып қалады. Соның алдын алу үшін күкірт полимерін ойластырып жатырмыз. Себебі ол суды кері итеретін қасиетке ие. Өзіміздің есеп бойынша, ол бетоннан үш есе берік әрі ыстыққа да төзімді болады. Ең бастысы, суға төзімділігін қамтамасыз етсек, ары қарай жол құрылысына қолдануға болады.
Фосфогипс ауыл шаруашылығында да қолданылады. Топырақтың құнарлылығын арттырып, өсімдіктердің тез өсуіне ықпал етеді. Қазірдің өзінде Жамбыл облысындағы шаруашылықтардың егіс алқаптарына жыл сайын 200 мың тоннаға дейін фосфогипс жеткізіледі.
Ержан Мұқанов, «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары:
– Фосфогипс – өте пайдалы шикізат. Ол топырақтың құнарын арттыруға көмектеседі. Жамбыл облысындағы шаруаларға фосфогипсті өз қаражатымызға жеткізіп беріп жүрміз. Ал Түркістан облысы мен Арал өңіріне жеткізу үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Атап айтқанда, тасымалдау шығындарының бір бөлігін өтеп беруге көмек болса дейміз.
Фосфогипс Арал теңізінің құрғаған табанындағы топырақты қалпына келтіру үшін де қолданылып жатыр. Ғалымдар бұл экологиялық жобаны үш жыл бұрын қолға алды. Биыл алғашқы нәтижесі байқалды. Мамандар «Қазфосфат» кәсіпорнынан алынған фосфогипсті Арал өңіріне жеткізіп, әр гектарға 40 тоннаға дейін сепкен. Оның құрамындағы кальций топырақтағы зиянды натрий мөлшерін азайтып, жердің құрылымын жақсартуға және тұздану деңгейін төмендетуге ықпал еткен. Нәтижесінде тәжірибе ретінде егілген алма, сексеуіл және қарабарақ тұқымдарының 70 пайызы өніп шыққан.
Серікәлі Мұқатаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры ҚР Атқарушы дирекциясының директоры:
– Фосфогипс суармалы жерлерде қолданылып келеді осы күнге дейін. Бірақ Арал теңізінде бірінші рет қолданып жатырмыз. Суармалы жерлерде сумен бірге фосфогипс араласып, тез нәтиже береді. Арал теңізінде, білесіздер, ол суғарылмайтын жерлер. Тек қана қыста қар жауғанымен, сонымен ғана әсер етеді. Сондықтан мынау жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Ол тұздылығын азайтып, фосфогипс қолданған жерімізде сексеуіл өсуі көбейді. Алма бақтардың шығымдылығы 70 пайызға көбейді.
Енді ғалымдар Жамбыл жеріндегі фосфогипсті Арал өңіріне көп мөлшерде жеткізу үшін Үкіметтен қолдау сұрамақ. Айта кетейік, Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы аумағы 6 миллион гектардан асады. Оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев
Тегтер #24KZ #Тараз #студенттер #ФосфогипсPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz