RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Қазақстанда жер асты суының 43 млн текше метрден астам қоры бар

25.11.2026, 09:34 32

Қазақстанда тәулігіне 43 млн текше метрден астам жер асты суын пайдалануға болады. Алайда қазір оның 1,5 млн текше метрі ғана тұтынылады. Су қоры мол болғанымен, кей өңірлерде сапалы ауызсу тапшылығы бар. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі Жер асты сулары департаментінің басқарма бас сарапшысы Әсел Таумұханова 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Елімізде 5 мыңға жуық жер асты су кен орны барланған. Бекітілген қордың 21 млн текше метрі ауызсу қажеттілігіне, 2 млн текше метрі өндірістік мақсатқа, ал 20 млн текше метрі ауыл шаруашылығына арналған. Дегенмен қазір тәулігіне 1,5 млн текше метр су ғана пайдаланылып отыр.

Бекітілген қордан тыс, бақылаусыз және шамадан көп су алу жекелеген аумақтарда жер асты суының азаюына әкелуі мүмкін. Суармалы егіншілік дамыған оңтүстік және өндірісі қарқынды батыс өңірлерде мұндай тәуекел бар, – деді Әсел Таумұханова.

Маманның айтуынша, жер асты суының деңгейі тұрақты бақылауда. Ел бойынша 4 мыңнан астам бақылау ұңғымасы жұмыс істейді. Олардың көмегімен су деңгейі, температурасы және қордың жай-күйі қадағаланады. Бұдан бөлек, су көздерін есепке алу және мониторинг жүргізу үшін цифрлық база қалыптастырылып жатыр.

Жер асты суы еліміздің аумағында біркелкі таралмаған. Оңтүстік және шығыс өңірлерде оның қоры молырақ болса, батыс, солтүстік және орталық аймақтарда тұздылығы төмен, сапалы су тапшылығы байқалады, – деді басқарма бас сарапшысы.

Сондықтан жер асты суының қоры жеткілікті болғанымен, оны барлық елді мекенге жеткізу мүмкін емес. Ол үшін ұңғымалар қазып, су құбырларын тартып, қажетті инфрақұрылымды дамыту керек.

Қазір Жамбыл облысында бұлақтарды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 574 бұлақтың дерегі ұлттық ақпараттық жүйеге енгізілген. Сонымен қатар бұрынғы гидрогеологиялық архивтерді цифрландыру жұмыстары да жалғасып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz