Әлем қазақша сөйлеп, қазақша ән шырқап жатыр. Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің әлемдік турнесі Еуропадан басталып, Латын Америкасына жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Әлемнің әйгілі өнер ордалары мен сан мың адамдық стадиондарына қарақұрым халық жиылған.
Әлемдік турненің Латын Америкасындағы кезеңі Мексикадан басталды. Халықтың қошеметінде шек жоқ. Алғашқы шоу 11 қарашада Мерида қаласындағы Foro GNP Seguros аренасында өтті.
Әнші бұдан соң Монтеррейдегі Auditorio Banamex және Гвадалахарадағы Auditorio Telmex сахналарында өнер көрсетті.
Гастрольдік сапардың Мексикадағы қорытынды концерті ел астанасы Мехикода жалғасты. Димаш Palacio de los Deportes аренасында екі кеш қатарынан ән шырқады.
Бағдарламаға елге таныс әндермен қатар жаңа туындылары да енген.
Әр елде, әр қалада Димашты қарсы алып жатқан жұрт көп. Тіпті Мексикада арнайы мурал салып қойған. Бір кеште бокс белдігін тақты. Мексиканың Гвадалахара қаласында жанкүйерлері сыйлаған дәстүрлі мексикалық пончоны киіп шығып, «Жаңа күн» әнін орындады. Халық бұл жолы да қазақ тіліндегі әнді қосыла шырқады.
Ал бірер күн бұрын Колумбия астанасы Боготада өткен концертте жергілікті тыңдарман «Ұмытылмас күн» әнін бірге орындаған еді.
Димаш әйгілі концерт алаңдарында ән шырқап жүр. Мәселен, Колумбия астанасындағы 14 мың көрерменге арналған Movistar Arena – әлемдегі ең танымал ареналардың бірі.
Мұнда бұған дейін Шакира, Андреа Бочелли сынды әйгілі өнерпаздар өнер көрсеткен. Жалпы «DIMENSIONS» әлемдік турнесі аясында 12 концерт жоспарланған.
Бірер сағат бұрын әнші Чили астанасы Сантьягода өнер көрсетті. Латын Америкасындағы гастрольдік сапар желтоқсанда Перудің Лима қаласында жалғасады. Ал Индонезиядағы концерт келер жылдың 29 мамырына ауыстырылды.
Авторы: Дильназ Тұрғазыева
Тегтер #24KZ #Димаш Құдайберген #Латын АмерикасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz