Құрылтай депутаттары Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялады. Құжат ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдаланып жасалатын қылмыстарға қарсы күресте және электрондық дәлелдемелермен алмасуда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды «24KZ».
Конвенция ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізуді, электрондық деректерді ұрлауды, интернет-алаяқтықты және цифрлық ортада балаларға қарсы жасалатын жекелеген қылмыстарды криминализациялаудың ортақ тәсілдерін көздейді.
Құжат аясында қылмыстарды тергеп-тексеру кезінде халықаралық өзара іс-қимыл тетіктері белгіленеді. Атап айтқанда, компьютерлік деректерді жедел сақтау, қажетті мәліметтерді белгіленген құқықтық тәртіппен алу, өзара құқықтық көмек көрсету және тәулік бойы жұмыс істейтін «24/7» байланыс пункттері желісінің қызметін қамтамасыз ету көзделген.
Бұл тетіктер электрондық деректер, серверлер, аккаунттар немесе басқа да цифрлық дәлелдемелер ел аумағынан тыс жерде болған жағдайда қылмыстарды тергеу үшін аса маңызды.
Ынтымақтастық шет мемлекеттерге ақпаратты шартсыз беруді көздемейді. Сұрау салулар адам құқықтары, ұлттық заңнама талаптары және мемлекеттік егемендік қағидаттары сақтала отырып орындалады. Конвенция шетелдік органдарға Қазақстанның ақпараттық жүйелеріне шектеусіз қол жеткізу құқығын бермейді.
Тегтер #Құрылтай отырысы #цифрлық қауіпсіздік #киберқылмыс #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz