RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Өңірдің 10 оң өзгерісі: Ақмола облысы

25.11.2026, 12:45 14

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Өңірдің 10 оң өзгерісі» айдарын бастаймыз. Алғашқы шығарылымды Ақмола облысына арнадық. Биыл өңірде қандай маңызды жобалар жүзеге асты? Ақмола облысы қай салаларда республика бойынша алға шықты? Көкше өңірінің биылғы басты жетістіктері мен жаңа бастамаларын бір топтамаға жинадық.

1. Ақмола облысы астық жинаудан республикада көш бастады

2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша Ақмола облысының диқандары 6,3 млн тонна астық бастырды. Осы көрсеткішпен өңір еліміз аймақтары арасында бірінші орынға шықты. Биылғы науқанның басты ерекшелігі – жиналған астықтың сапасы. Жалпы өнімнің шамамен 90%-ын үшінші сыныпты бидай құрайды. Ал оның 70%-ға жуығы ақуыз мөлшері жоғары Hi-Pro санатына жатады.

2. Өңірде 16 теміржол вокзалы жаңғыртылды

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында Ақмола облысында 16 нысан жаңартылды. Бұл – бір өңірлік бағдарлама шеңберінде жаңғыртылған вокзалдардың ең көп саны. Заманауи жағдай жасалған нысандардың қатарында Көкшетау, Щучинск, Атбасар, Ақкөл, Макинск, Есіл, Ерейментау және Державинск қалаларындағы вокзалдар бар. Сондай-ақ Жақсы, Жалтыр, Аршалы, Шортанды, Никольское, Еркіншілік, Сарыоба және Үлеңті станцияларындағы нысандар да жаңартылды.

3. Ақмолалық инсульт орталығы ел бойынша үздік деп танылды

2026 жылы Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының инсульт орталығы еліміздегі осындай орталықтар арасында бірінші орынға ие болды. 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медициналық мекеме 20 төсек-орынға арналған. Мұнда жыл сайын инсульт және мидың қан айналымының өзге де жіті бұзылыстары бар 900-1000 науқасқа мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

4. Өңірде 20 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр

Ақмола облысында биыл тұрғын үй құрылысы аясында 814 пәтерге арналған 20 көпқабатты үй салу жоспарланған. Қазір оның 290 пәтерлік 9 үйінің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 191 пәтерге арналған 4 үйді пайдалануға беру көзделген. Ал 333 пәтерлік 7 үйдің құрылысы келесі жылға ауыстырылады.

5. Ақмола облысы туристер көп баратын өңірлердің үштігіне енді

Ақмола облысы туристік ағын көлемі бойынша еліміздегі алғашқы үш өңірдің қатарына кірді. Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында аймаққа 934 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға көп.

6. Өңірде үш жаңа экопарк ашылды

Ақкөл, Зеренді және Целиноград аудандарында заманауи үш экопарк іске қосылды. Олардың бірі – «Wyndham Residence Aqkol» қонақүйі жанында, екіншісі – «Зеренда» экопаркі, үшіншісі – «Dara» экопаркі. Жаңа нысандар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және табиғи демалыс орындарын дамытуға бағытталған.

7. Балалардың 92%-ы қосымша біліммен қамтылды

Ақмола облысында балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 92%-ға жетті. Бұл – 136 032 бала. Жоспарланған меженің 86,4% болғанын ескерсек, нақты нәтиже одан жоғары. Осы көрсеткіш бойынша облыс республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналады.

8. 518 мектепте 5 623 үйірме мен секция жұмыс істейді

Өңірдегі 518 мектепте 5 623 үйірме мен спорт секциясы ұйымдастырылған. Оларға 99 893 бала қатысады. Бұл оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне, қабілеті мен қызығушылығын дамытуына мүмкіндік береді.

9. Өңірде «Creative Aimaq» республикалық жобасы басталды

Ақмола облысында алғаш рет креативті индустрия өкілдерін біріктірген «Creative Aimaq» республикалық жобасы қолға алынды. Оған 200-ден астам шығармашылық сала өкілі қатысты. Сонымен қатар ұлттық мәдениетті дәріптеу мақсатында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған «Өнер – халық қазынасы» облыстық байқауы өтті.

10. Мал шаруашылығын дамытуға арналған жаңа кешенді жоба әзірленді

Ақмола облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және ет өндірісін ұлғайту бағытында кешенді тұжырымдама әзірленді. Құжат аясында үш асыл тұқымды мал өсіру орталығын қалыптастыру, жалпы қуаты 150 мың ірі қараға арналған ірі бордақылау алаңдарының желісін дамыту және заманауи ет өңдеу кешенін құру көзделген.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz