RU
Толық нұсқаға өту

Жыл басынан бері 10 айда ₸1,3 млрд жәрдемақы жымқырылды

25.11.2026, 15:30 19

Жыл басынан бері әлеуметтік жәрдемақыға бөлінген 1 млрд 300 млн теңге жымқырылған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қазына қаражатын талан-таражға салған 7 дерек тіркелген, деп хабарлайды 24KZ.

Ал 2024-2025 жылдары осындай әрекеттер салдарынан бюджеттің 1 млрд 200 млн теңгесі жеке қалтаға түскен. Демек, биылғы шығын өткен жылдармен салыстырғанда 100 млн теңгеге артық. Қаржыны қылғытқандар тұтас қоғамға кесірін тигізеді, ал зардабын адал жандар тартады.

Ақтауда мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу үшін жүкті әйелдерді жалған жұмысқа тұрғызған есепші сотқа тартылды. Ол Instagram арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдейтін маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттырамын деп уәде берген. Алаяқтық схеманы іске асыру үшін алдымен туыстары мен таныстарын жеке кәсіпкер ретінде тіркейді. Кейін олардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық, есеп айырысу қағаздары сияқты құжаттарды дайындайды. Сөйтіп, заңды еңбек қатынасының жалған көрінісін қалыптастырады. Қағаз-құжатты қабылдаған уәкілетті органдар жәрдемақыларды жоғары мөлшерде тағайындап берген. Есепшінің арам пиғылы әшкере болды.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:

– Мемлекетке келтірілген залалдың көлемі 146 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бұл іс бойынша алаяқтық фактісі бойынша сот үкімі шықты. Аталған азаматқа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Одан бөлек, ол қылмыстық жолмен алынған кірістерге үш бөлмелі пәтер сатып алған. Тергеу барысында оған тыйым салынды. Сот шешімімен пәтер мемлекет кірісіне өтті.

Иә, жәрдемақыны жымқырғандар ауыр жаза арқалайды. Алайда алаяқтардың кесірі бәрінен бұрын кәсібін адал жүргізгендерге тиеді. Заңгер Әйгерім Ақниеттің айтуынша, тиісті органдардың тексерісі күшейе түскен. Өзіне тиесілі жәрдемақыны алу үшін кіші-гірім бизнесі бар келіншектер енді том-том қағаз құшақтап, ісінің түзу екенін дәлелдеуге тиіс. Әйтпесе, өзіне тиесілі әлеуметтік төлемнен қағылады. Жуырда ғана заңгер осындай қиындыққа тап болған келіншектің құқығын қорғап шыққан.

Әйгерім Ақниет, заңгер:

– Өте қатты тексереді. Бұл жерде тіпті біздің Салық кодексі жоғары тұрады ғой. Салық кодексіне дейін мұндай тексерістер болмаған, кәсіпкерлерді соншалықты қатты тексермейтін. Өйткені әлеуметтік төлемдерге қатысты «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ әрбір чекті сұратады. Әрбір азаматша түсінуі керек: қасақана «ақша таба саламын, жеңіл ақша таба саламын» деген әрекетке қазіргі таңда жол жоқ. Шынымен де, егер кәсіп жасайтын болсаңыз, өзіңіздің кәсіппен айналысқаныңызды және осы төлемақыға мұқтаж екеніңізді дәлелдей аласыз.

Әлеуметтің осал тобына деп бөлген қазына қаражаты діттеген жеріне жету керек. «Олай болмаса, әлеуметтік экономиканың құрылымы құрдымға кетеді», – дейді экономист Бауыржан Ысқақ. Сарапшы осындай пайдакүнемдіктің үш түрлі зардабын келтіреді.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

– Бірінші кезекте осы әлеуметтік төлемдерге бөлінген қаражаттардың дұрыс бағытқа жұмсалмауы ол бюджеттің шығындарының көбеюіне алып келеді. Өйткені жаңағы негізгі мақсаты – бұл бюджеттің қаражаттарының тиімділігі болу керек. Яғни азаматта, ауылдық азаматтар, сол төлемге мұқтаж азаматтарға барып, олардың әлеуметтік жағдайы көтерілу керек.

Екіншіден, бұл үрдіс билікке деген сенімге селкеу түсіреді. Экономистің пікірінше, ауқатты жандардың жәрдемақыға жармасуы – әлеуметтік әділетсіздікке алып келеді.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

– Үшіншіден, әрине, бұл жалпы Мемлекет басшысының саясатына кері әсерін тигізетін фактор болып табылады. Сол үшін де мемлекеттің әлеуметтік салаға бағыттаған қаражатының мақсатты жұмсалуы – екі жаққа да қажетті фактор.

Мұқтаждарды қолдайтын мемлекеттің әлеуметтік саясаты – жымысқы әрекеттің көзіне айналмауға тиіс. Абайша айтқанда, «Құлық түзелмей, құлқын арам ішкенін қоймайды; адалға жүрмей, адам түзелмейді; адам түзелмей, қоғам түзелмейді». Пайдакүнемдікке қарсы амалды хәкім әлдеқашан айтып кеткен еді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпхан, Руслан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz