Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай 100-ден астам мәдени, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігі желтоқсан айына жоспарланған. Іс-шаралар ел жетістіктерін дәріптеуге, ұлттық бірлікті нығайтуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Мерейтой аясында елордада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар да жүргізіледі. 16 желтоқсанға дейін қаланың алты ауданында 11 жаңа модульдік және учаскелік полиция пунктін ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 15 желтоқсанда Күйшілер аллеясында, Дина Нұрпейісова ескерткішінің маңында дәстүрлі қазақ әндерін орындаушыларға арналған естелік тақта ашылады.
Мерекелік бағдарламаның 60-қа жуық іс-шарасы мәдениет, білім, тарих және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне арналады. Алғашқы ірі шаралардың бірі – 4 желтоқсанда сағат 17:00-де Достық үйінде өтетін Ethno Vision фестивалі. Оған елордадағы этномәдени бірлестіктер қатысады. 14 желтоқсанда Президент орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған конференция ұйымдастырылады.
Мерекелік бағдарламада Астананың тарихына да ерекше орын берілген. 10 желтоқсанда Tarlan Astana станциясында «Төрдегі төл тарих» көрмесі ашылады. Ал 14-15 желтоқсанда Сервис және туризм колледжінде елорданың Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерін бейнелейтін фотокөрме өтеді.
Елорда театрлары мен концерттік алаңдары да арнайы бағдарлама әзірледі. 11-12 желтоқсанда «Астана Балет» театры «Қыз Жібек» балетінің премьерасын ұсынады. 12 желтоқсанда Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Жан серігім домбыра» концерті өтсе, Qazaqconcert сахнасында «Алтын Орданың музыкасы» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады.
14 желтоқсанда «Алатау» спорт сарайында «Тәуелсіз елдің ұрпағымыз!» жастар фестивалі өтеді. Сол күні Мемлекеттік академиялық филармонияда «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 35 жыл: жаңа белес – жарқын болашақ» атты концерт жоспарланған. Ал 15 желтоқсанда М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Абай: ғасырлар даналығының шыңы» музыкалық-поэтикалық композициясының премьерасы болады.
Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанда да елордалық театрлар, музейлер мен концерт алаңдарында мерекелік іс-шаралар өтеді. Сағат 12:00-де Қуыршақ театры балаларға арналған «Алдар көсемен таныссың ба?» ертегісін көрсетеді. 17:00-де Astana Opera театрында «Тәуелсіздік толғауы» концерті басталады. Ал 18:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Қажымұқан» спектаклін ұсынады. Сонымен қатар Ұлттық музейде «Алтын Орда» көрмесі ашылады.
Мерекелік бағдарлама балалар мен жастарды да қамтиды. Оқушылар арасында «Отан жолымен» зерттеу жобалары байқауы өткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, «Ұлы даланың жеті қыры» атты балалар суретінің байқауы, студенттер арасындағы шығармашылық сайыстар мен робототехника жарыстары ұйымдастырылады.
Спорттық бағыттағы 30-дан астам іс-шараның қатарында кикбоксингтен республикалық турнир, триатлоннан қалалық жарыс, таеквондодан ашық чемпионат және жеңіл атлетикадан Астана ашық чемпионаты бар.
Мерекеге орай елорда тұрғындары онлайн бастамаларға да қатыса алады. 1 желтоқсаннан бастап «Менің Қазақстаным» челленджі іске қосылады. Қатысушылар туған елге арналған видеоқұттықтаулар жариялап, патриоттық өлеңдер оқып, шығармашылық жұмыстарын ұсына алады.
Сондай-ақ «35 жылдан кейін» фотобайқауы мен «Тәуелсіздік куәгері» онлайн-челленджі ұйымдастырылады. Олардың мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерін тұрғындардың жеке естеліктері мен фотосуреттері арқылы көрсету.
Бұдан бөлек, желтоқсан айында волонтерлер мен белсенді жастар жалғыз тұратын қарттарға көмектесуге бағытталған «Қамқорлық мекенжайлары» акциясына қатысады. Елордада экологиялық бастамалар да жалғасады.
Мерейтойға арналған іс-шаралар Астананың барлық ауданында өтеді. Қала көшелері мемлекеттік тулармен, тақырыптық баннерлермен және жарықдиодты экрандардағы бейнероликтермен безендірілген.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Астана #Тәуелсіздік@ ##Тәуелсіздік@ #Астана қаласының әкімдігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz