Ақтөбе облысында биыл 396 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Егін де бітік шықты. Бүгін ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына үлес қосқандар жандар марапатталды. Өңір басшысы Асхат Шахаров фермерлер мен диқандарға, механизаторлар мен шопандарға мемлекеттік награда табыстады, деп хабарлайды 24KZ.
Президент Жарлығымен ақтөбелік шаруалар «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Саналы ғұмырын ауылға арнаған Аманғали Өмірғалидің айтуынша, «ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі». «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған ардагер шаруалардың жаздайғы еңбегі елге тоғыз ай азық болады дейді.
Аманғали Өмірғали, «Нұрасыл» шаруа қожалығының басшысы:
– Биылғы жыл қолайлы болып тұр. Көктемде, маусым айына дейін, жаңбыр мол жауды. Бұл даланың табиғи шөбінің жақсы өсуіне қолайлы жағдай жасады. Соның арқасында қажетті мал азығын дайындап алдық. Жалпы біздің негізгі бағытымыз – ауыл шаруашылығы. Ойыл ауданының экономикасына да айтарлықтай әсер ететін негізгі сала – осы ауыл шаруашылығы.
Қазір өңірде 618 мың бас ірі қара, 1 млн 200 мыңға жуық қой-ешкі, 410 мың бас жылқы мен 26 мыңнан астам түйе бар. Жыл басынан бері шаруалар нарыққа 86 мың тонна ет пен 162 мың тонна сүт өткізді. Диқандардың еңбегі ақталып, астық та егін бітік шықты.
Айсұлтан Кеңбейілов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 14,4 центнерді құрады. Жалпы 625 мың тонна өнім жиналды. Жоғары көрсеткіш Хромтау ауданында тіркелді. Мұнда әр гектардан 19,4 центнерден өнім алынды. Биыл салаға 16,5 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінді. Қазіргі уақытта қаражат жергілікті шаруашылықтарға төленіп жатыр.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 18 пайызға артты. Сүт өндіру, мал бордақылау және құс шаруашылығын дамытуға 33,8 млрд теңге бағытталған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков
Тегтер #Ақтөбе облысы #ауыл шаруашылығы #өнімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz