RU
Толық нұсқаға өту

Химия өнеркәсібінде жылына ₸1,5 трлн өнім шығарылады

25.11.2026, 19:22 18

Қазақстанның химия өнеркәсібі өңдеу саласының негізіне айналды. Қазір бұл салада жыл сайын 1 жарым трлн теңгеге жуық өнім шығарылады. Биылғы тоғыз айда химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 23,4 пайызға өсті. Жамбыл облысында күкірт қышқылын шығаратын зауыт іске қосылса, Ақтауда елде әзірге өндірілмейтін карбамидті шығару жоспарланып отыр. Жаңа жобалар отандық өндіріске не береді?, деп хабарлайды 24KZ.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында ашылған зауыт жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіре алады. Жобаға 170 млн доллар инвестиция салынды. Зауыт өнімі ауыл шаруашылығында, энергетикада, металлургия мен машина жасауда қолданылады. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарға жұмыс ұсынып отыр. Ал химия кешені толық қуатына шыққанда қосымша мамандар қажет болады.

Игорь Ахмеров, «Еурохим» ЖШС бас директоры:

– Кешен толық қуатында жұмыс істегенде жылына 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыш пен өнеркәсіптік өнім өндіріледі. Сәйкесінше, химия кешені толық іске қосылғанда жұмыс орындарының саны едәуір артады. Сондықтан облыс әкімдігімен техникалық колледж ашу мәселесін талқылап жатырмыз.

Ақтауда аммиак пен карбамид шығаратын кешен салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Жобаның құны 804,2 млрд теңге. Кәсіпорынды 2030 жылы іске қосу жоспарланған.

Қазір Қазақстан карбамидті көрші елдерден импорттайды. Ал Ақтаудағы зауыт іске қосылса, шаруалар осы азотты тыңайтқышты отандық өндірушіден сатып алатын болады. Жалпы химия өнеркәсібі саласының инвестициялық портфелінде құны шамамен 15,4 трлн теңге болатын 66 жоба бар.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары:

– Ендігі міндет – осы үрдісті одан әрі нығайту. Саладағы басты бағдар – импортқа тәуелді болмай, өзіміздің өндірістік мүмкіндіктерімізге сүйену. Мемлекеттік қолдау ел экономикасына барынша жоғары оң әсер беретін жобаларға көрсетіледі.

Ал Шығыс Қазақстан облысында «жасыл» сутек пен аммиак өндіретін кешен салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жобаның алдын ала құны шамамен екі миллиард доллар болады. Кешен жылына 55 мың тоннаға дейін сутек немесе 310 мың тоннаға дейін аммиак өндіре алады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Мерей Бает

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz