Елімізде «Халыққа жақын» республикалық жобасы басталды. Алғашқы кездесу Қызылорда облысының Арал ауданында өтті. Енді шалғай ауылдардың тұрғындары алысқа бармай-ақ, мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, өзін толғандырған сұрақтарына жауап алады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен жүзеге асқан жобаның мақсаты – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың өтініші мен ұсынысын жергілікті жерде қарау. Сапар барысында Халық Кеңесінің мүшелері Арал өңірінің еңбек ардагерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде өңірді дамыту, елдегі өзгерістер және қоғамның өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар министрлік пен мемлекеттік орган өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, сауалдарына жауап берді. Мамандар тұрғындардың мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастырды.
Әділхан Танымбетов, Арал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бүгін таңертеңнен бері көптеген министрлік өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдап, сұрақтарына жауап беріп жатыр. Бізді қуантатыны – халықтың министрлік өкілдерін іздеп бармай, керісінше, олардың өздері келіп, қажетті ақпаратты осы жерден алып жатқаны.
Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы:
- Сұраныстың бар екенін көріп отырмыз. Біз азаматтарды Қызылордадан Астанаға арнайы келіп, ұзақ жол жүруге мәжбүрлемеу үшін мемлекеттік орган өкілдері өздері өңірлерге келіп отыр. Халық көптеп келуде, сұрақтар да аз емес. Біз осы мәселелерді шешіп, азаматтарға көмек көрсету үшін келдік. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бүгінгі жұмысымыздан көрініс тауып отыр деп ойлаймын.
Тегтер #Халыққа жақын #жоба #кездесу #Арал ауданыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz