RU
Толық нұсқаға өту

Энергетикалық сусындарды өндіруге және әкелуге тыйым салу ұсынылды

25.11.2026, 20:52 15

Елде энергетикалық сусындарды өндіруге және елге әкелуге толық тыйым салу ұсынылды. Бүгін Құрылтай отырысында сөз алған депутат Мақсұт Насибулов осы тақырыпта сауал тастады. Оның айтуынша, бұл өнімдердің адам денсаулығына әсерін жан-жақты зерттеуді және олардың айналымына қатысты талаптарды күшейту керек, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстанда 2025 жылдың қаңтарынан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Бұл ережені бұзған дүкендер айыппұл арқалайды. Алайда жалт-жұлт еткен жарнамаға алданған жас буын тәнге қуат беретін тәтті суға жетудің амалын тауып жүр. Ал дәрігерлер мұндай сусынның ағзаға зияны көп дейді.

Роза Өтегенова, жоғары санатты педиатр:

– Олардың құрамында газ бен қант мөлшері көп. Мұның бәрі ағзаға әсер етеді. Өйткені әр адамның, әсіресе баланың ағзасына қажетті көмірсулар, майлар мен ақуыздардың белгілі бір нормасы бар. Бала сол нормаға сәйкес тамақтануы керек.

Сондықтан депутаттар биік мінберден дабыл қаға бастады. Құрылтайда мәселе көтерген Мақсұт Насибулов қабылданған шараларға қарамастан, энергетикалық сусындардың сатылымы тоқтаусыз өсіп келе жатқанын жеткізді. Мұны статистика да растап отыр. Энергетикалық сусындарды өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 млн литрге жеткен. Ал Statista халықаралық компаниясының дерегінше, былтыр елдегі энергетикалық сусындар нарығының көлемі 93 миллион долларды құраған. Сондықтан депутат үкіметке шара қабылдауды ұсынды.

Мақсұт Насибулов, ҚР Құрылтайы депутаты:

– Біріншіден, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сату деректерін анықтап, олардың интернет арқылы сатылуын бақылау қажет. Екіншіден, мұндай сусындардың адам денсаулығына әсерін ғылыми тұрғыдан зерттеу керек. Сондай-ақ дүкен сөрелеріндегі өнімдердің құрамындағы кофеин мен басқа да заттардың мөлшерін тексеру маңызды. Бұдан бөлек, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарнамасын шектеу, сондай-ақ Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толықтай тыйым салу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Депутаттың сөзінше, мемлекетке тұтынушылардың жасын тексеріп, заң бұзған сатушыларды жазалаумен шектелуге болмайды. Себебі халық денсаулығына қауіп төніп тұр.

Автор: Серік Селеубайұлы

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz