RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте заманауи перинаталдық орталық салынып жатыр

25.11.2026, 21:10 26

Қазір құрылыс қарқын алды. Негізгі жұмыстардың үштен бірі аяқталып, инженерлік-инфрақұрылымдық желілер жүргізілуде. «Озық технологиямен жабдықталатын орталық пайдалануға берілген кезде ана мен бала денсаулығын жақсарту көрсеткіші артады», – дейді жауаптылар. Өңірге жұмыс сапарымен барған Президент кеңесшісі Алексей Цой медициналық қызмет сапасын көтеруге бағытталған жұмыстармен танысты, деп хабарлайды 24KZ.

Президент кеңесшісі 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылыс барысымен танысты. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Қазір заманауи нысанның іргетасы қаланып, қабырғасы тұрғызылды. Инженерлік желілер тартылып, негізгі жұмыстардың үштен бірі атқарылды.

Арман Сәбитов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

– Жалпы Шымкент қаласында өзіңіз білесіз, демографиялық өсімі жоғары. Жыл сайын 30 мыңға жуық нәресте дүниеге келіп жатыр. Сондықтан біздің қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін осы үшінші негізгі нысан болайын деп тұр.

Мердігерлер жыл соңына дейін ғимараттың шатырын жауып, ішкі әрлеу жұмыстарын бастайды. Нысан құрылысын келесі жылдың IV тоқсанында толық аяқтап, ел игілігіне тапсыруды жоспарлап отыр.

Әбдуқадыр Әбдуғаниев, «Integra Construction» құрылыс компаниясының филиал директоры:

– Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда монолит жұмыстары атқарылып, инженерлік жүйелер тартылуда. Сонымен қатар  кірпіш қалау жұмыстары да жүріп жатыр. Құрылыс алаңында 30-ға жуық техника мен 300-ге жуық жұмысшы еңбек етуде.

Халықаралық стандарттарға сай бой көтеріп жатқан заманауи кешенде зертханалық-диагностикалық бөлімше мен жүктілікті жоспарлау орталығы болады. «Нысан қолданысқа берілген соң ана мен балаға күрделі медициналық көмек дер кезінде әрі жоғары деңгейде көрсетіледі», – дейді мамандар.

Инна Глазебная, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаңа перинаталдық орталық өңірлік үшінші деңгеймен қатар республикалық төртінші деңгейге ие болады. Заманауи құрылғылармен жабдықталып, ең күрделі жағдайда да медициналық көмектерді көрсетуге мүмкіндік береді.

Президент кеңесшісі салаға жауапты мекеме басшыларымен медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жобаларымен танысты. Кездесуде жаңа нысандардың өңір үшін әлеуметтік маңызы талқыланды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz