Елде қоғамдық орындарды ластап, қоқысты белгіленбеген жерге тастағаны үшін 28 мыңға жуық азамат сот шешімімен жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігіне қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Спикердің сөзінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орындарды ластаған немесе қоқысты белгіленбеген жерге тастаған азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қарастырылған. Ал құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке дейін өседі немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс тағайындалады.
Қазіргі таңда қоғамдық орындарды ластау немесе белгіленбеген орындарға қоқыс қалдықтарын тастау деректері бойынша 28 мыңға жуық адам сот шешімімен жауапкершілікке тартылды. Бұлардың басым бөлігіне қоғамдық жұмыстар белгіленді. Бұл жұмыстар көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға бағытталған, – деді Азамат Құрымбаев.
Оның айтуынша, қоғамдық жұмысқа тарту туралы сот шешімін орындамаған азаматтарға да жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда әкімшілік қамаққа дейін жаза қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы полиция жұмысы күшейтілген. Спикердің мәлімдеуінше, жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтау көрсеткіші 2,7%-ға өскен. Бұл құқық бұзушылықтардың көбеюін емес, олардың алдын алу және жолын кесу шараларының күшейтілуін көрсетеді.
Бейнекамералардың көмегі өте зор. Олар құқық бұзушылықтың болған уақыты мен күнін анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Бұл жұмысқа қоғамдық көмекшілер де белсенді атсалысып жатыр. Қазір олардың саны 70 мыңға жуықтады, – деді ол.
Сондай-ақ азаматтар қоқыс тастау немесе абаттандыру қағидаларын бұзу деректеріне куә болса, полицияға бірнеше тәсілмен хабарлай алады. Атап айтқанда, 102 нөміріне қоңырау шалуға, «102 мобильдік» қосымшасы, «e-Өтініш» платформасы немесе eGov, Halyk және Kaspi қосымшаларындағы «Заң мен тәртіп» модулі арқылы өтініш жолдауға болады.
Азамат Құрымбаев құқық бұзушылықты фото немесе видеоға түсірген кезде оқиғаның нақты күні мен уақыты көрсетілуі маңызды екенін атап өтті. Бұл материалдарды тексеріп, құқық бұзушыны заң аясында жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Таза қала #сарапшы #ІІМ #Азамат Құрымбаев #Әкімшілік полицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz