RU
Толық нұсқаға өту

Агросаладағы деректер Digital Agro Platform базасына біріктіріледі

26.11.2026, 13:32 26

Елімізде ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік платформалардың басын біріктіретін Digital Agro Platform атты бірыңғай деректер базасы әзірленіп жатыр.

Жаңа мәліметтер қоймасы келешекте жасанды интеллектімен де жабдықталады. Бұл шаруалар үшін ақпараттық жүйелермен жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, жалпы саланың дамуына оң әсер етеді, дейді мамандар. Айта кетейін, Президент биылғы Жолдауда ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізудің маңызына тоқталған болатын.

Жасанды интеллектінің игіліктерін пайдаланбау – замана көшінен қалу. Мұны Мемлекет басшысы жиі айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір бұл бағыт бойынша ведомствода ақпаратты жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алғашқы жобалар да сынақтан өткізілуде. Мәселен, Ақмола облысында биыл бірнеше ауылда жерді ғарыштан бақылап қана қоймай, жасанды зерденің көмегімен топырақты жіті зерттеуге мүмкіндік беретін бағдарлама жүзеге асырылған. 

Данияр Тұрсынов, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары: 

- Фермерлер үшін және мемлекет үшін өте бір маңызды деп айтуға болады. Ойлаңызшы, тек қана космостық суреттерді пайдалана отырып, фермердің жерді қалай пайдаланып жатқанына дейін көруге болады. Жерді, мысалы, дұрыс пайдаланбаған жағдайда жер құнарлығын жоғалтады. Яғни жер деградацияға ұшырайды. Ертең ол жерге шөп шықпауы да мүмкін. Сонымен қатар ол тек шөптің өсу, өспеуін ғана емес, тұзды сулардың көтеріліп кетуі бар. 

Топырақтың қандай да бір өзгерісін байқаған жасанды интеллект соған сай ұсынымдар береді. Жобаны келесі жылы Ақмола облысының барлық аумағында жүзеге асыру жоспарланған. Тың технология сәтті болса, келешекте еліміздің бүкіл өңірінде қолданылмақ. Ал бізде жердің 1987 жылдан бері түсіріліп келе жатқан фотосуреттері бар екен. Бұдан бөлек жақында ветеринария бағытында да жасанды интеллект негізіндегі пилоттық жоба іске қосылған. Жаңа жүйе мал дәрігерлеріне көмекші құрал ретінде жұмыс істейді. Ал тәжірибелі фермер Мәди Есқара, мал бағуда бақташы немесе шопанның орнына жасанды интеллектіні пайдалануға болатынын айтады.

Мәди Есқара, шаруа:

- Қазір біз әлемде көріп отырған деңгей, бұл малды шопансыз өзін жібере салу. Әрі оның арнайылап сыртын қоршап, қорғандар жасаудың қажеті жоқ. Датчиктер арқылы малдың көзіне елес болады. Мысалы, үшін сіз 100 гектар жерді программаға, жасанды интеллектіге тапсырма бересіз. Ол сол 100 гектар радиусты өзі қоршап алады да виртуалды. Оны мал көріп отырады, мына жерде қорған бар, мен әрі қарай өте алмаймын. 

Мұндай жүйе әзірге Еуропа елдері мен АҚШ, Қытай және Австралия секілді дамыған мемлекеттерде қолданылады. Ал бізде бақташыға бір бас мал үшін ай сайын орта есеппен кемінде 3-4 мың теңгеден төленетінін ескерсек, мұны Қазақстандағы ірі шаруашылықтарда қолдануға болар еді, дейді шаруа. Ал министрлік өкілдері, жалпы жасанды зерде салаға негізінен өнімділікті арттыру мақсатында әрі өзіміздің климатты ескере отырып енгізілетінін айтады. 

Данияр Тұрсынов, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары: 

- Біз басқа мемлекеттің жасанды интеллектісін әкеп өзімізге енгізе алмаймыз. Өйткені олардың табиғаты мен біздің табиғат сәйкес келмейді ешқашан. Өйткені біздің табиғатымыздың өзі ерекше болғандықтан әр жерге өзіне сай келетін, ертең болашақта нақты бір көрсеткіш көрсете алатын жасанды интеллект енгізуіміз керек. 

Жасанды интеллектіні енгізу бойынша егін шаруашылығында да жаңа ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр, дейді мамандар. Ол көктемгі дала жұмыстарынан бастап, күзде өнімді жинау, сақтау және оны өткізуге дейінгі процестерді қамтиды. Бұл мемлекетке астықтың қай жерде егілгенін, одан қанша өнім алынғанын және егіске деген талаптардың орындалуын бақылауға мүмкіндік берсе, шаруалар үшін бидайды сақтау мен өткізуге көмектеседі. Жоспар бойынша аталған жүйені фермерлер алдағы жылдан бастап қолдана алады.

Авторы Дамир Берікұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz