Сүт және ет өнімдерінде антибиотиктің бар-жоғын енді небәрі 15 минутта анықтауға болады.
Отандық ғалымдар арнайы жедел тест жасап шығарды. Жұқпалы аурудың алдын алуда мемлекеттік қаржыландырудың көмегімен бүгінде бірқатар зертханалық-диагностикалық жұмыс жүргізіліп, жуық арада ауылдық елді мекендерде 60-қа тарта ветеринарлық бөлімше ашылмақ.
Қазақтың тұрмысы қадым заманнан төрт түлікпен біте қайнасқан. Ал сол ата кәсіптің өрісін кеңейтіп, өнімін арттыруда ғылыми ізденістің орыны бөлек. Бұл бағытта Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары тыңнан түрен салып, мал арасында жиі ұшырасатын жұқпалы ауруларды жедел анықтайтын соны зерттеу тәсілдерін ұсынды.
Өркен Әкібеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жануарлар ғылымы және ветеринария институтының директоры:
- Жалпы еттің немесе сүттің құрамындағы антибиотиктің қалдықтық мөлшерін анықтау үшін зерттеуге әкелінген сүт үлгісіне немесе жаңағы еттен дайындалған су үлгісіне, жаңағы еттің сығындысынан жасалған соны алып, мына жолақшаны салған кезде, мысалы, егер де зерттеуге алынған үлгінің құрамында антибиотик болатын болса, яғни екі жолақша пайда болу арқылы біз зерттеу жұмысы әдісінің оң нәтижесі екен деп бағалаймыз. Яғни жылдам 15 минуттың ішінде экспресс-тест, жедел әдіс ретінде бағаланады.
Жануарлар ғылымы және ветеринария институтының ғалымдары індеттік ахуал мониторингін жетілдіру мақсатында соңғы жылдары ГИС технологиялары мен картография қызметін қолдануға көшкен. Сондай-ақ бруцеллез, кампилобактериоз, құстар мен жылқылардың арасындағы сальмонеллез, трихинеллез сынды қауіпті ауруларды анықтау жиынтығын жасап шығарған. Әр жиынтық 90-нан астам малдың ағзасын тексеруге мүмкіндік береді.
Өркен Әкібеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жануарлар ғылымы және ветеринария институтының директоры:
- Ет өнімдерінің фальсификациясын анықтауға арналған реагенттер жиынтығы – «Метафуд» дейді. Жаңағы ПЦР, жаңағы айтып өткендей, 17 жануардың ДНҚ-сын анықтауға болады. Яғни, мысалы, халал өнімдері, айталық, жаңағы шұжық өнімдерін тексерген кезде оның құрамында шошқа етінің бар-жоқ екендігін анықтау үшін арнайы осы ПЦР әдісі ойлап шығарылған жиынтық, соның ішінде қажетті реагенттер жиынтығы бар.
Дегенмен, салаға серпін беру үшін бактериялық, вирустық індеттен бөлек паразиттік ауруларға да ден қою қажет дейді маман. Тиісінше эхинококкоз сынды індетті анықтау әдісін жақсартып, республикалық деңгейде ауқымды зерттеу жұмыстары қолға алынуы шарт.
Тасқын Қызайбаев, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- 69 түрлі аурудың алдын алу шараларының жұмысы жүргізіледі. Соның аясында біз 25 аурудың балама диагностикасын жүргіземіз, 22 түрлі ауруға вакцинация жасаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстан 6 түрлі мәртебе алған. Трансшекаралық аурулар деп айтамыз, ол тікелей саудаға әсер ететін аурулар. Оның ішінде аусыл ауруына қарсы таза деген аймақ мәртебесін алдық. Былтырғы жылы африкалық шошқа обасы деп айтамыз, африкалық жылқы обасы, құс тұмауына қарсы мәртебелеріміз бар.
Министрлік өкілінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде ел аумағында 185 ветеринарлық зертхана жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тізімді тағы 60-қа тарта мекеме толықтырмақ. Ветеринария саласын дамытудың 5 жылдық кешенді жоспарына сәйкес, зертханалардың әлеуетін арттырып, ауылдық аймақтағы мал дәрігерлерінің айлығын көтеру көзделіп отыр.
Тасқын Қызайбаев, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- Енді орта есеппен айлықтары қазір 220 000 болатын болса, ол 420 000-ға дейін көтеріледі айлықтары. Иә, бұл бағытта үкімет тарапынан 22 миллиард теңге қолдау табылды, республикалық бюджет комиссиясының қорытындысы бар. Қазір осы заң қабылданғаннан кейін бұл да бір септігін тигізеді.
Ресми дерекке сенсек, бүгінде елге 700-ден астам ветеринария маманы қажет. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан мал дәрігерлеріне бірқатар үстемақы тетігі қарастырылған. Мәселен, қазір ғылым кандидаттарына 73 мың теңге, ал ғылым докторларына 147 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұған қоса алдағы уақытта марапат алған азаматтарға 4 миллион 325 мың теңге көлемінде біржолғы өтемақы беру де жоспарланып отыр.
Авторы Назым Кенжебай
Тегтер #сүт #ет өнімдері #антибиотик #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz