RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өтті

26.11.2026, 17:30 16

Қазақстанның Конституциялық Сот төрелігі саласындағы тәжірибесі халықаралық деңгейде талқыланды, деп хабарлайды 24KZ.

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өтті. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық жиынға шетелдік конституциялық соттардың өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары қатысты. Симпозиум барысында заңнаманы жетілдіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Халықаралық алаң шет мемлекеттердің конституциялық бақылау органдары мен Құрылтай депутаттарының, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосты. Жиында ұлттық тарихи мұра мен құқық философияны, білім мен ғылымды және халықаралық құқықтық стандарттарды зерделеу арқылы құқықтық мәдениетті дамыту жайы талқыланды. Барлығының басын бір мүдде, ортақ бір шешім біріктірді. Ол – қайтсек, заңды құрметтейтін, құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғам құрамыз деген идея.

Ермек Әбдірасылов, заң ғ.д. профессор, ЕҰУ конституционализм және цифрлық құқық институтының директоры:

- Мысалы, әр елде қазір өзінің құқықтық жүйесі, өздерінің заңдары бар. Осыған қарамастан бәрін біріктіретін бір идея бар ма? Қандай идея? Ол – әділеттілік. Ол – заң мен тәртіп, бүкіл әлемде қазір осы мәселелер көтеріліп жатыр. Осы ерекшелік мемлекеттерді бір-бірінен ажыратпай, бір-біріне қосады. Өйткені осы құқықтық идеяның ішінде жатқан ол адамның құқығы, оның өмірі – ең маңызды құндылық болып саналады.

Қазір әлем күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Заң құжат жүзінде қатталғанымен ортақ шешімдер іс жүзінде тасада қалуда. «Бүгінгі цифрлық дәуірде заңның үстемдігі, адамдардың құқығын қорғау маңызды мәселеге айналып отыр», – дейді Германиядағы Оснабрюк университетінің профессоры Георг Геск.

Георг Геск, Оснабрюк университетінің профессоры /Германия/:

– Адамзаттың болашағы үшін заңның үстемдігі қашанда маңызды. Қазір көпшілікті мына бір мәселе толғандырады. Тәртіп заң арқылы орындала ма, әлде билік арқылы жүзеге асады ма? Менің ойымша, тәртіп орнату үшін билік те осы заңға бағынуы керек. Сонда ғана заң салтанат құрған қоғам қалыптастыруға болады. Күштінің әлсізге үстемдігі болмайды деп ойлаймын.

Рас, Конституция – Ата Заң ғана емес, адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісім. Ал Конституция нормаларының толыққанды іске асырылуы азаматтардың құқықтық мәдениеті мен заңды құрметтеуіне және конституциялық қағидаттарды дәйекті түрде сақтауына тікелей байланысты. Симпозиумда Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова Ата Заң мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайтынын, мәдениет олардың қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуына ықпал ететінін, ал азаматтық жауапкершілік оларды нақты іс-әрекет арқылы жүзеге асыратынын атап өтті.

Эльвира Азимова ҚР Конституциялық Сотының төрағасы:

- Конституция үстемдігі заңнаманың сапасымен мемлекеттік институттардың тиімділігіне ғана емес, азаматтардың құқықтық санасына да тікелей байланысты. Сондықтан құқықтық мәдениеттер диалогы пленарлық мәнге ие. Ол заң ғылымын, философиясын, антропологиясын, тарих пен өнерді бір арнаға тоғыстырады. Мұндай өзара байланыс конституциялық-құқықтық сананы кеңейтуге және құқықты қоғамдық құндылық ретінде құрметтеуге тың мүмкіндіктер ашады.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Симпозиумға қатысушылар құқық пен мәдениетті жақындастыруда «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» конституциялық бағдарларының рөлі ерекше екенін атап өтті. Ал жиынның Түркістанда өтуі өңірдің халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға серпін беретінін жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz