RU
Толық нұсқаға өту

Астаналық оқушылар кітаптан мұнара тұрғызды

26.11.2026, 18:00 29

Елорда мектептерінің бірінде оқушылар кітаптан 6 метрлік мұнара тұрғызды. Ерекше инсталляция үзіліс кезінде балалардың жиналатын сүйікті орнына айналды, деп хабарлайды 24KZ.

Ұстаздар «Оқитын ұлт» бастамасы аясындағы бұл идея оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттырғанын атап өтті. Тіпті жалпыұлттық акция аясында кітап оқып, жүлде иеленуге болады.

Мұнараның бой көтеруіне оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар атсалысты. Әрқайсысы үйінен кітап әкеліп, инсталляцияны көркемдеуге идея қосты. Ақырында, айнаны қолдану арқылы білім әлеміне жетелейтін «шексіз портал» туындады. «Ескі кітаптар сөреде шаң басып жатқаннан көрі, білім ошағын көркейте түскені игі іс», - деп есептейді мектеп ұжымы.

Жарқынәлі Бошаев, №12 мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі:

– Кітап мұнарасын 7 000 кітаптан құрастырдық. Бұл идеяны мектеп әкімшілігі қолдады. Кітап мұнарасын жасау – бір адамның ғана еңбегі емес. Бұл іске бүкіл ұжым, ұстаздар атсалысты.

Бастапқыда «Мектепке кітап сыйла!» акциясы жарияланып, оны қолдаушылар санының көп болғаны соншалық, әкелінген кітаптарды сақтайтын жер лық толған. Содан, тым ескі мұқабалар қалыпқа келтіріліп, жиналған кітап қорынан мұнара тұрғызу идеясы пайда болған. Нысан қауіпсіздік талаптарын сақтай отыра құрыстырылды. Арасынан ұнаған туындыны оңай суырып алып оқуға болады.

Ботагөз Сыздықова, №12 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Неліктен мұнараны таңдадық десеңіздер, біз оны білімге ұмтылыстың, өсу мен дамудың символы деп білдік. Балаларға қызықты бастаманы жүзеге асыру үшін кейде қиял, ынта мен бірлескен еңбек жеткілікті екенін жеткізгіміз келді. Себебі қолда бар заттың өзінен ерекше дүние жасауға болады. Педагог ретінде біздің міндетіміз – балаларға білім беріп қана қоймай, түрлі идеяларды жүзеге асыруға, шығармашылықпен айналысуға, еңбекті бағалауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу.

Мыңдаған кітап көптің көзайымына айналды. Ұстаздар оқушылардың кітап оқу дәстүріне ынтасы артқанын байқап отыр. Мұнараның айналасында кітап алмасу сөресі, үздік оқушылар тақтасы қойылған. Таңдаулы туындылар жайында білімін дәлелдегендер сыйлық ұтып ала алады. Ал сүйікті кітабы туралы пікір жазып қалдыру оқушылардың пайдалы әдетіне айналды.

Авторы: Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz