Елде алдағы үш жылда отандық құрылыс материалдарының ішкі нарықтағы үлесін 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін өндіріс көлемін арттырып, құрылыс алаңдарында жергілікті өнімді кеңінен қолдану көзделген, деп хабарлайды 24KZ.
Елде құрылыс материалдарын шығаратын ондаған кәсіпорын бар. Мысалы, Астанадағы мынау комбинат тұрғын үйлерге арналған конструкциялар өндіреді. Оның өндірістік қуаты жоғары болғанымен әзірге толық пайдаланылмайды.
Жанна Бектемірова, «Шар-құрылыс» ЖШС мен GLB үй құрылысы комбинаты компаниялар тобының құрылтайшысы:
– Шаршы метрмен есептесек, сатуға шығарылатын 500 мың шаршы метр алаңға жетеді. Қазір өндірістік қуатымыздың шамамен 55 пайызын пайдаланып отырмыз. Келер жылы бұл көрсеткішті 80–100 пайызға жеткізуді жоспарлаймыз. Меніңше, өндірушілер баға, сапа және өндірістік қуат жағынан бәсекеге қабілетті болуы керек. Осы бағыттарда да жұмыс істеуіміз қажет.
Құрылыс компаниялары үшін өндіріс көлемімен қатар, елде қандай материалдар мен жабдықтар шығарылатыны да маңызды. Олар бірқатар өнімді әлі де шетелден сатып алады.
Светлана Сабихан, Sensata Group компаниялар тобы бас директорының орынбасары:
– Негізінен лифтілер, қасбет жүйелері, жекелеген инженерлік жабдықтар шетелден алынады. Ғимараттың қаңқасын көбіне отандық материалдардан тұрғызамыз. Ал оның қасбетіне келгенде, шетелдік өндірушілердің өнімін пайдаланамыз. Соңғы уақытта отандық өнімнің сапасы жақсарып, түрі көбейген. Сол себепті отандық өндірушілермен жұмыс істеуге басымдық береміз.
Қазір отандық өндіріс құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың шамамен 73 пайызын өтейді. Үкімет алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін жаңа өндіріс орындары ашылып, инвестиция тартылады. Құрылыс алаңдарында жергілікті өнімді қолдану аясы да кеңейеді. Үкімет бағаға ерекше көңіл бөліп отыр. Мақсат – отандық өнімнің тұтынушыға импорттық тауардан қымбатқа түсуіне жол бермеу.
Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
– Негізінде Үкімет, мемлекет түгел қолжетімді шаралар енгізіп жатыр. Олар бізге кіріп жатқан кезде импорттық болса, бізде шығарылатын өнім болса, олар қатар болуы керек. Негізінде кейбіреулер қолжетімді шаралар енгізсе, негізінде конкуренция болу керек біріншіден. Екіншіден, баға ретінде бүкіл қолжетімді шараларды енгізіп жатырмыз.
Дегенмен импорттан толық бас тарту қиын. Себебі құрылыс материалдарының кейбір түрі бізде шығарылмайды. Жергілікті өндірістің дамуы құрылыс мерзіміне де тікелей әсер етеді. «Егер өндіруші құрылыс алаңына жақын болса, материал жеткізуді жоспарлау оңай болады», – дейді сарапшылар.
Диляра Сейітнұрова, Qazaq Expert Club сарапшысы:
– Өңірлік кішігірім цехтар ашылып жатыр. Ол да жақсы. Өйткені облыстық деңгейдегі цехтар болса, өзінің жаңағы сұранысын жабатын болса, жақсы. Өйткені логистика жағынан қарайтын болсақ, Қазақстан үлкен мемлекет болғандықтан, логистикасы өте қымбат.
Ендігі міндет – сапа талаптарын сақтап, құрылыс алаңдарын отандық материалдармен уақытында қамтамасыз ету. Үкіметтің 80 пайыздық межеге жетуі кәсіпорындарымыздың өндірістік қуатын қаншалықты жылдам арттыра алатынына байланысты.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Артём Грапов
Тегтер #24KZ #отандық құрылыс #құрылыс материалдары #ішкі нарық #отандық кәсіпорынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz