RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда 3,5 мың көлік экологиялық сынақтан өтпей қалды

26.11.2026, 19:40 35

Алматыда 3 жарым мыңға жуық автокөлік экологиялық талапқа сай болмай шықты. Қала әкімдігі күз басынан бері жүргізілген техникалық тексерудің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды 24KZ.

Барлығы 18 жарым мың көлік сүзгіден өтіп, басым бөлігінде зиянды шығарындылар мөлшері шектен асқаны анықталған.

Ернұр Рысбай, тілші:

– LEZ дегеніңіз ағылшынша – Low Emission Zone деген сөз. Қазақ тіліне аударсақ – шығарындылар төмен аймақ деп аталады. Шекара дәл осы тұстан басталады. Пилоттық жоба Алматының қақ ортасындағы Бөгенбай батыр, Абай, Желтоқсан және Достық көшелерінің арасын қамтиды. Қаңтардан бастап бұл жерге экологиялық нормативке сай келмейтін, түтіні будақтап жүретін көліктердің кіруіне тыйым салынуы мүмкін.

Сәуір айында басталған тестілеу жұмысы осы жылдың соңына дейін жалғасады. Қазір өлшеуіштер, камералар мен мәліметтер базасы сынақтан өтіп жатыр. Әзірге ешкімге айыппұл салынбайды, LEZ аймаққа кіруге де шектеу жоқ. Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеру енгізілді. Яғни шығарындылар мөлшері өлшенеді. Бұл міндетті техникалық байқаудан бөлек.

Михаил Будянский, Автокөлік құралдарын техникалық тексеру орталықтары қауымдастығының президенті:

– Қазір қалада арнайы жабдықпен және қажетті бағдарламаға қосылған 30-ға жуық тексеру желісі бар. Олар барлық деректерді бірден операторларға жібереді. Одан кейін ақпараттар талданады. Көлікті тексеруде бірінші кезекте шығарындылардың талапқа сай болуына мән беріледі.

Бензинмен және газбен жүретін автокөліктерден пайдаланылған газдың уыттылығы, ал дизельді көліктерден түтін шығару деңгейі анықталады. Экологиялық тексеруден өтпей, кезекті жоспарлы техникалық байқауға жіберілмейді.

Антон Моисеенко, Алматы қаласының тұрғыны:

– Мен үшін көлігімнің жағдайын біліп жүру маңызды. Сол себепті техникалық тексерістен уақытылы өткізіп тұрамын. Бір жағынан уайымдай жүресің, екінші жағынан айыппұл арқаламайсың. Жылына бір рет өтіп, қаланың ішінде емін-еркін айдай аламын.

LEZ – Алматы ауасын жақсартуға арналған жалғыз жоба емес. Қараша айының басында экологтар жүріп келе жатқан көлікті тоқтатпай-ақ шығарындыларын тексеретін жаңа құрылғыны сынақтан өткізді. Оның көмегімен екі аптаның ішінде 50 мыңнан аса темір тұлпарға тексеріс жасалды.

Ләйлә Мұхаметрахимова, «Eco Almaty» ЖШС атқарушы директоры:

– Алтыншы және жиырмасыншы қараша аралығында испаниялық компанияның Алматы қаласында пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Қазіргі таңда сол шешімді талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі әлі толық шығарылған жоқ.

Ресми деректерге сәйкес Алматы ауасына жыл сайын 190 мың тоннаға жуық зиянды шығарындылар бөлінеді. Соның 60 пайызы автокөліктердің еншісінде. Қалғаны кәсіпорындар, жылу электр орталықтары мен жеке секторға тиесілі. Қазіргі таңда оларды табиғи газға ауыстыру жайы шешіліп жатыр. Қала әкімдігі қолға алған бастамалар қолқаны қапқан түтінді сейілтеді деп сенеміз.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz