RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да 8 мың шақырым электр желісі жаңғыртылды

26.11.2026, 20:40 34

Батыс Қазақстан облысында соңғы 4 жылда 8 мың шақырым электр желісі жаңартылып, 156 елді мекенде энергия тапшылығы жойылды. Нәтижесінде биыл жыл соңында желілер мен жабдықтардың тозу көрсеткіші 83 пайыздан 68-ге төмендейді, деп хабарлайды 24KZ.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Біз қазір Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының диспетчерлік орталығындамыз. Өңірдегі 405 елді мекенді жарықпен қамту жайын мамандар осы жерден жіті бақылап отырады. Өңірде түрлі кернеудегі 21 мың шақырым әуе электр желілері болса, 4 жыл бұрын соның 82 пайызының тозығы жеткен еді. Үп еткен желге үзілетін сымдар мен қатты мұздақта қисайып қалатын бағандардың кесірінен тұрғындар тәуліктеп жарықсыз қалатын.

Соңғы жылдары энергиямен қамтушы компанияның жөндеу қоры мен инвестициялық бағдарламасы есебінен, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы және ұлттық жоба аясында 156 елді мекенде 8 мың шақырым электр желісі жаңғыртылды. 867 жинақтық трансформатор мен 77 қосалқы станция жөнделіп, 36 мың темір-бетон баған ауыстырылды. Нәтижесінде тозу көрсеткіші былтыр жыл соңында 75 пайызға түссе, биыл жыл аяғында 68 пайызды құрайды.

Асқар Ғайсин, Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының бас инженері:

– Іс-шаралардың әсерін айтатын болсақ, мына электрмен жабдықтау саласында сенімділігін арттырады, апатты ажыратуларды азайтамыз. Сосын пайдалану жұмыстары шығындарын азайтамыз, содан кейін техникалық шығындарды азайтамыз және тозу деңгейін төмендетеміз. Осы аталған бес мәселе.

– Іс-шаралардың әсерін айтатын болсақ, электрмен жабдықтау саласының сенімділігін арттырамыз. Апатты ажыратуларды азайтамыз. Сонымен қатар пайдалану шығындарын және техникалық шығындарды азайтып, тозу деңгейін төмендетеміз. Осы аталған бес мәселе.

Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың Ұлттық жобасы аясында былтыр үш жоба іске асып, 595 шақырым желі жаңартылса, биыл 7 жобаға 6 жарым млрд теңге бөлінді. Ұлттық жобаның игілігін көргендердің қатарында Зашаған кентіне қарасты Борлытау ауылының тұрғындары да бар.

Нина Донскова, Борлытау ауылының тұрғыны:

– Мен осы ауылда 50 жыл тұрамын. Бұрын жел тұрса жарық өшеді, жаңбыр жауса жарық сөнеді, боран болса тағы қараңғыда қалатынбыз. Сондай қиындық көретінбіз. Енді барлық бағандарды, сымдарды ауыстырып берді. Жарықтан мәселе жоқ. Алғысымыз шексіз.

Ұлттық жоба аясында өңірде 2029 жылға дейін электр қуатымен қамтуда барлығы 27 жоба жүзеге асады.

Бейімбет Мусин, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Облыс бойынша тозу деңгейін төмендету мақсатында тағы 17 жоба ұсынған болатынбыз. Қазір ол жобалар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тек электр желілері емес, қосалқы стансаларды жаңғырту екі ауданда және қазіргі автоматты жүйеге көшу мақсатында желілерді қашықтықтан басқару мақсатында есептегіш құралдарды ауыстыру жобасы бар.

Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында өңірдегі электр желілерін жаңғыртуға 23 млрд теңге қаржы қаралған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz