Биыл Жамбыл облысында ұзындығы 200 шақырымнан аса су арналарын жаңғырту жоспарланған. Бүгінде оның 150 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.
Жалпы жаңғыртуды қажет ететін каналдардың басым бөлігін қамыс басып, арнасы лайға толған. Салдарынан соңғы жылдары шалғай ауылдардағы егістік алқаптарына тіршілік нәрін жеткізу қиындады.
Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылында суармалы су мәселесі кейінгі 5-6 жылда үдеп кетті. Салдарынан мұндағы 70-ке жуық шаруашылық бақша дақылдарын егуді қойған. Бұған ұзындығы 20 шақырым болатын Жамбыл каналының қамыс басып, су өткізу қабілетінің төмендеуі себеп. Мәселені шешу үшін биыл арнаны механикалық тазалау, магистралдық бөлігін бетондау жұмыстары басталды.
Төрехан Райыс, шаруа қожалық басшысы:
– Бұрын бізде дәнді дақылдардың, көкөністің барлық түрі егілетін. Қаракемер ауылында пияз да, қызылша да, жүгері де егілді. Бақша да егіліп, ауыл тұрғындары қарбыз бен қауынға қарық болатын. Қазір судың тапшылығына байланысты оның бәрі тоқтады. Енді суды аз тұтынатын жоңышқа мен арпа егіп жатырмыз. Егер қазір осы каналдың бойымен су келетін болса, егіс көлемі одан әрі де көбейер еді.
Жамбыл каналындағы жөндеу жұмыстары аяқталған соң 1600 гектар суармалы егістікке тіршілік нәрі еш қиындықсыз жетеді. Сонымен қатар Ерназар ауылын сумен қамтамасыз ететін «Сұлукөл» су қоймасын тұрақты толтыруға мүмкіндік туады. Нәтижесінде тағы 1100 гектар суармалы егістікке су жеткізілмек. Жалпы Жамбыл ауданында ұзындығы 61 шақырымнан асатын 12 канал бетондалмақ. Қазір оның жетеуінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Нұржан Мұқашев, Жамбыл ауданы Әкімінің орынбасары:
– Қазір 7 каналдағы жұмыстардың 23,8%-ы аяқталған. Негізгі жұмыстарды бұған дейін «Аряна» компаниясы мен ирандық компания бастаған. Айтақ және Кіші Саза каналдарында бетондау жұмыстары 90%-ға аяқталған. Қазір тек гидротехникалық құрылғыларды, су қақпаларын және мал суаруға арналған су бұру жүйелерін орнату жұмыстары ғана қалды.
Жамбыл облысында су арналарын жаңғырту бойынша 114 жоба қолға алынған. Жалпы өңірде алдағы уақытта 1000 шақырымнан астам канал жаңғыртылмақ. Жобалар толық жүзеге асса, аймақтағы 76 мың гектардан астам суармалы жердің су мәселесі шешімін табады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан
Тегтер #24KZ #Жамбыл облысы #Тараз #су арналары #жаңғырту жұмыстарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz