RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында «Халыққа жақын» жобасы жүзеге аса бастады

26.11.2026, 21:00 28

Қызылорда облысында Қазақстан Халық Кеңесінің ұйытқы болуымен республикалық «Халыққа жақын» жобасы бастау алды. Алғашқы ауқымды көшпелі кездесу Арал ауданында өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Жобаның мақсаты – шалғай елді мекен тұрғындарымен тікелей диалог орнатып, өзекті мәселелерді шешу.

Кедергісіз әрі ресми емес диалог құру мақтасымен жүзеге асып жатқан «Халыққа жақын» республикалық жобасы Арал ауданынан басталды. Осылайша жергілікті тұрғындар өздерін көптен толғандырып жүрген мәселелерді Кеңес мүшелеріне тікелей жеткізуге мүмкіндік алды.

Өмірзақ Мектепбаев, Арал қаласының тұрғыны:

– Халқымыз арасында аурулардың көбеюі, атап айтқанда, қатерлі ісік, жүрек аурулары және қан қысымының көтерілуі осы ауа райының жағдайына байланысты. Ангиограф деп аталатын аппаратты алып берсе, үлкен көмек болар еді. Бұл – менің арнайы ұсынысым. Өйткені осы аппараттың көмегіне жүгіну үшін Қызылордаға, Ақтөбеге баруға мәжбүрміз.

Бүгін Аралға жылжымалы диагностикалық кешен келді. Жергілікті тұрғындар еш жолдамасыз медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлерден тегін кеңес алды.

Назира Дәуржан, терапевт:

– Негізгі мақсаты – осы шалғай елді мекендегі тұрғындарға медициналық көмек көрсету. Іші толық жабдықталған. Ультрадыбыстық зерттеу аппараты, ЭКГ аппараты, офтальмолог пен ЛОР дәрігерінің арнайы аппараттары бар. Кеңес беріледі, емдеу жұмыстары жүргізіледі, аурудың алдын алу және профилактикалық тексерулер де қамтылған.

Әлеуметтік мәселелер бойынша өтініш өте көп түсті. Бейінді мамандар ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің рәсімделуі мен әлеуметтік төлемдердің есептелу тәртібін түсіндіріп, электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын табуға көмектесті.

Самат Қазақбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары:

– Халық көп қойып жатқан сұрақтар әлеуметтік жағдайға, жәрдемақыға қатысты. Сол мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мүгедектікке қатысты, сондай-ақ Арал қаласында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған мемлекеттік орталықтар ашу туралы сұрақтар бар. Бұдан бөлек, жұмыссыздық және жұмысқа орналасу мәселелері де көтеріліп жатыр. Осы сұрақтардың барлығы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Арманай Қуандықова, Арал қаласының тұрғыны:

– Жалпы алғысымды білдіремін. Біз, қарапайым халық, электрондық үкімет порталдары арқылы көрсетілетін түрлі қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн түрде алып жүрміз. Барлығы қолжетімді. Оның ішінде жылжымайтын мүлікке қатысты қызметтер, жұмысқа орналасу, жүргізуші куәлігін алу, сондай-ақ қазіргі таңда кеңінен қолданылып жатқан «Е-өтініш» сайты бар. Мұның барлығы халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатқан дүниелер.

Жеке консультациядан бөлек, кездесуде ауданның ортақ мәселелері де көтерілді. Ол – мектептерді жөндеу, жолдардың жай-күйі, экология және байланыс сапасының нашарлығы. «Тұрғындардың бізге айтқан барлық ұсыныс-тілегі назарға алынды», – деді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері.

Геннадий Шиповских, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

– Қазақстан Халық Кеңесінің осы ауқымды жобасының алғашқы тұсаукесері қасиетті Сыр елі – Қызылорда облысынан басталып жатыр. Бүгін алғашқы күнімізде Арал ауданына келіп отырмыз. Өздеріңіз байқағандай, «Халыққа жақын» жобасы таңертеңнен бастап қаншама адамның басын қосып отыр. Біздің мақсатымыз – Халық Кеңесінің жай ғана жоғары консультативтік орган емес, билік пен халық арасындағы алтын көпір ретіндегі нақты миссиясын сөзбен емес, іспен көрсету.

 

«Халыққа жақын» жобасы аясындағы кездесулер Шижаға және Қамыстыбас ауылдарында да өтті. Келесі кезекте Қазалы, Қармақшы аудандары тұр. Мамандар тұрғындардың медицина, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларына қатысты мәселелерін қарады. Бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапса, қалғандары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта бұл тәжірибе еліміздің барлық өңірінде жалғасады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz