RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте әлеуметтік инфрақұрылым жаңаруда

26.11.2026, 21:20 20

Шымкентте жедел медициналық жәрдемнің шақырту орнына дер кезінде жету көрсеткіші 99,9% болды. Бұған цифрландыру аясында іске қосылған «жасыл дәліз» жүйесі жол ашты, деп хабарлайды 24KZ.

Ал жақында ұлттық мәртебе алған Әуезов университеті өңір ғылымының өрісін кеңейтуге бет алды. Мегаполистің әлеуметтік саласын аралаған Президент кеңесшісі Алексей Цой жаңа жобалармен танысты.

Президент кеңесшісі медицина саласына айрықша назар аударды. Қалада жаңартылған автопаркі бар 125 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оларға «жасыл дәліз» жүйесі шақыртуға дер кезінде жетуге жол ашты. Ал «Шымкент жүрек орталығында» биыл 5 мыңнан астам науқас емделіп, жоспарлы трансплантациялар сәтті жасалды.

Камалжан Надыров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

– Әкімдік тарапынан әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне айрықша көңіл бөлініп отыр дей аламыз. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатсында түрлі жобалар қолға алынбақ.

Бозарық шағын ауданында 150 орындық жаңа оңалту орталығы мерзімінен бұрын бой көтерді. Ғимарат бес блоктан тұрады. Президент кеңесшісі «Балауса» орталығындағы балалар мен «Белсенді ұзақ өмір» мекемесіндегі зейнеткерлердің де жағдайымен танысты.

Жанат Өтебаева, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

– Бізде 16 мекеме болатын болса, соның 11-і арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Әлеуметтік салада осы мұқтаж азаматтарымызға жағдай жасалына береді.

Алексей Цой 4,5 мыңнан астам баланы шығармашылыққа баулып, қосымша білімге тартып отырған №2 Оқушылар сарайына да арнайы барды. Сондай-ақ оған мектептерді басқаруға, қауіпсіздік пен ашықтыққа негізделген «AIQYN» цифрлық жүйесі таныстырылды.

Гүлфайруз Ержанова, Шымкент қалалық №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

– Жаңа әдіс-тәсілдер енгізіліп, сабақтың түрі мен форматы өзгерді. Сәйкесінше, оқушылардың қызығушылығы артып, сабаққа дайындық деңгейі мен жауапкершілігі күшейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық мәртебе алған Әуезов атындағы зерттеу университеті енді ғылымға мықтап ден қояды. Алексей Цой сала басшыларына бірқатар міндет жүктеді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz