Қостанай облысында медициналық көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Өңірде ауруханалардың инфрақұрылымы жаңартылып, медицина саласына жаңа мамандар тартылуда, деп хабарлайды 24KZ.
Сондай-ақ жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістерін енгізу жұмыстары қолға алынған. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – көпбейінді өңірлік аурухана құру.
Жітіқара ауданында емхананың төрт қабатты ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бұл медициналық мекемедегі орын тапшылығын азайтып, дәрігерлер кезегін қысқартуға мүмкіндік береді. Нысанды қайта жаңғыртуға 973 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласында көп жұмыстар жұмыстар атқарылып жатқанын естіп, көріп отырсыздар. Жалпы соңғы төрт жылда облыста 34 жаңа медициналық нысан салынды. Оның ішінде 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория және 27 медициналық пункт салынды.
Тағы бір маңызды бағыт – медицина саласына кадр тарту. Жыл басынан бері аудандық ауруханаға 14 дәрігер жұмысқа қабылданған. Жас мамандарға берілетін біржолғы көтерме жәрдемақы көлемі 7 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Алдағы уақытта аудандық аурухананың базасында көпбейінді өңірлік медициналық орталық құру жоспарланып отыр. Жоба аясында ангиограф пен магниттік-резонанстық томограф орнату көзделген.
Ерлан Аяғанов, Жітіқара аудандық ауруханасының басшысы:
– Біз бұрынғы емханамызды заманауи талаптарға сай келетін, келбеті көрікті, әлеуметтік маңызы зор нысанға айналдырдық. Бұл емхананың ашылуын тұрғындарымыз да, қызметкерлеріміз де көп жылдан бері күтіп жүрді. Қазір емхананы сұранысқа ие заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз еттік.
Ауданда әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да жаңартылып жатыр. Биыл бұрынғы аудандық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған күндізгі емдеу бөлімшесі мен «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын орналастыру жоспарланған.
Авторлары: Серік-Ибраһим Жамалұлы, Сергей Хаймин
Тегтер #24KZ #Қостанай облысы #медициналық мекеме #медициналық көмек #жарнама #әлеуметтік инфрақұрылымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz