Астанада үй өтпей жатыр. Құрылыс қарқынды, бірақ алушы аз. Баспананың көптеп салынып жатқанын құрылысшылар да растайды. Бірақ үй өтпей жатса, оның санын көбейтудің қажеті қанша? Мұндайда үй арзандауы мүмкін бе? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Астанада бірнеше ай қатарынан үй өтпей жатыр. Әрине, сауда жоқ емес. «Бірақ алушы бұрынғыдан тым аз», – дейді риэлторлар. Сол себепті тамыздан бастап баға да төмендеп, бұл үдеріс қазан айына дейін жалғасқан. Алайда бұған қарап мегаполисте пәтер іздегендер азайып, көшіп кеткендер көбейді деуге келмейді. Астанаға қаңтар–қыркүйек аралығында 52 мың адам көшіп келген. Олар қазір пәтер жалдап отыр. Көбі ипотека мен тұрғын үй құнының арзандауын күтеді.
Диляра Сейітнұрова, Qazaq Expert Club сарапшысы:
– Астанада мәмілелер санының азаюына өткен жылғы жоғары салыстыру базасы айтарлықтай әсер етіп отыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді, ал құрылыс салушылар бағаны 2025 жылдың қараша және желтоқсан айларында-ақ қайта есептей бастады. Талдау деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың күзінде сатып алушылардың бір бөлігі мәміле жасауды жеделдеткен. 2025 жылдың қазанында ел бойынша шамамен 41 мың мәміле жасалды. Мұндай жоғары көрсеткішпен салыстырғанда кез келген жағдайда дерлік төмендеу байқалады.
Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейітнұрованың бұл пікірін жылжымайтын мүлік нарығы бойынша халықаралық сарапшы да құптайды.
Лев Тетин, жылжымайтын мүлік нарығы бойынша халықаралық сарапшы:
– Астанаға көшіп келгендердің саны жылдан жылға артып жатыр. 4 жылда мұнда жарты млн адам көшіп келді. Бұл қаланың барлық инфрақұрылымына салмақ. Жылына 120 мың адам деген сөз. 5 жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш 40–50 мыңдай болған. Демек сатып алатын немесе жалға берілетін үйлерге сұраныс әлі де көбейеді.
Астанада үй бағасы құбылмалы. Кейде шырқап шыға келеді, кейде өтпейді. Сосын алушыдан салынып жатқан үй көп. Жыл басынан бері бас қалада 3 млн шаршы метрден аса баспана пайдалануға берілді. Бұл жан басына шаққанда төрт есе көп тұрғын үй салынып жатқанын көрсетеді. Демек үй бар, алушы аз. Құрылыс компаниялары болса Астанада салынған үй бүгін болмаса ертең өтеді деп сенеді. Яғни қыста өтпеген пәтерді жазда қымбатқа сатуға болады. Сосын Диляра Сейітнұрованың айтуынша, Елордада бір тұрғынға 1,79 шаршы метрден келеді. Яғни үйге қайтсе де сұраныс болады. Тек тұтынушы мен сатушы бағаға келісе алмай отыр.
Төлеген Әшімов, Қарағанды құрылысшылар қоғамының басшысы:
– Баға түседі. Себебі қазір үй көп салынды, бірақ оны сату қиын болып жатыр. Алайда мұның да тиімді тұсы жоқ. Егер құрылыс салушылар пайда таппаса, алдағы уақытта үй салынбай қалуы мүмкін. Сондықтан бір-біріне қарама-қайшы осы екі мәселенің шешімін табу керек: баға да түсуі керек, сонымен қатар құрылыс салушылардың да пайдасы болуы тиіс.
Төлеген Әшімовтің айтуынша, қазір құрылысты негізгі материалдармен Қытай және Ресей компаниялары қамтып отыр. Ал келер жылы құрылыс қарқын алса, отандық өнімнің мүмкіндігі жетпей қалуы ықтимал. Сондықтан бұл саланы дамыту маңызды. Бұл үй бағасының төмендеуіне де себеп болуы мүмкін.
Төлеген Әшімов, Қарағанды құрылысшылар қоғамының басшысы:
– Тәртіп нығайған кезде артық құрылыс материалдары жұмсалмайды. Бір жұмыс бір рет сапалы орындалса, оны қайта-қайта жасауға қажеттілік болмайды. Сапалы атқарылған жұмыс 10, 15, тіпті 20 жылға дейін сақталады. Осы тұрғыдан алғанда, барлық мәселені жан-жақты қарастырып, жұмысты дұрыс ұйымдастырсақ, құрылыс бағасын төмендетуге болады.
Астана – ірі мегаполиске айналғаны рас. Алайда дәл осындай үдерісті өңірлерде де жандандыру маңызды. Сарапшылар үй ғана емес, зауыттар, әлеуметтік нысандар құрылысын аймақтарда да қолға алу қажет дейді.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мұрат Әріпханов
Тегтер #Астана #баспана #баға #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz