Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 744 отбасы қоныс аударған. Нәтижесінде бірқатар ауылдың әлеуметтік-экономикалық тынысы ашылып, білім беру және өзге де әлеуметтік нысандардың жұмысы жандана түсті, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, Сулышоқ ауылына көшіп келген 20 отбасының арқасында мектептегі оқушылар саны он есеге артқан. Айта кетейік, биыл қоныс аудару тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа талаптардың кейбірі келер жылдан бастап күшіне енеді. Енді қоныс аударушыларға берілетін қаржылай қолдау бірден емес, жұмысқа орналасқаннан кейін кезең-кезеңімен төленеді.
Гүлнұр Ахабаеваның Сулышоқ ауылында тұрып жатқанына 9 жыл. Жұбайы екеуі қоныс аудару бағдарламасы аясында Талдықорғаннан көшіп келген. Отбасының 7 баласы бар. Сондай-ақ тағы 10 бала асырап алған.
Гүлнұр Ахаева, Сулышоқ ауылының тұрғыны:
– Бұл балапандардың барлығы – менің балаларым. Варвара маған үш жасында келді, Иван да үш жасында, Лёша екі жаста еді, Доминика алты жаста болды. Давид те екі жарым-үш жасқа таяп қалған еді. Айсұлтан мен Жақыптың сүндет тойын, тілашар тойын өткіздік. Жалпы отбасымызда барлық мерекені атап өтуге тырысамыз. Туған күндерді, Жаңа жыл мен Наурызды бірге тойлаймыз.
Ал Нұрсейітовтер отбасы 2017 жылы Түркістан облысынан көшіп келген. Бүгінде 9 баланы тәрбиелеп отыр. Оның төртеуін бауырларына басқан.
Нүркен Нұрсейітов, Сулышоқ ауылының тұрғыны:
– Үш ұл, бір қыз осылай жолықты. Сөйтіп, 2019 жылдан бері біргеміз. Андрей қазір сегізінші сыныпта оқиды. Ал менің бұзығым Дамир алтыншы сыныпта оқиды.
Жалпы бағдарлама аясында Сулышоққа 20-ға жуық отбасы қоныстанған. Нәтижесінде жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауыл мектебінде оқушы саны 10 есеге артқан екен.
Әсем Ақылбекова, Еңбекші қазақ орталау мектебінің директоры міндетін атқарушы:
– 2018 жылы мектепте небәрі 7 бала қалған болатын. Кейін «Қоныс аудару» бағдарламасы аясында бізге көшіп келушілер келе бастады. Соның нәтижесінде мектептегі оқушылар саны артты. 2026–2027 оқу жылында мектеп жанынан мектепалды даярлық сыныбы ашылып, қазір мұнда 62 оқушы білім алып жатыр. Тәрбиешілерді қосқанда, барлығы 23 ұстаз қызмет етеді.
Қоныс аударушыларға жергілікті кәсіпкер Қайрат Жәнібеков қолдау көрсеткен. Алғашында өз қаражатына бес үй салса, кейін аудан әкімдігінің көмегімен тағы 15 баспана тұрғызған. Ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге де атсалысып келеді.
Қайрат Жәнібеков, жеке кәсіпкер:
– Ең қиын кезең 2017 жыл болды. Кейін отбасылар көшіп келе бастаған соң, ауылды абаттандыруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге кірістік. Мектепті жөндеп, ретке келтірдік. Тұрғындарға мал беріп, жем-шөппен көмектестік. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік шаруашылықпен айналыса бастады.
«Бірақ кейбір отбасы мемлекеттік көмекті алғаннан кейін қайта кері кетіп қалады», – дейді Қайрат Жәнібеков. Айта кетейік, осыған байланысты қоныс аудару бағдарламасының талаптары өзгертілді. Ал тағы бірнеше өзгеріс келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Енді көмектер кезең-кезеңімен беріледі.
Кенжебай Бірімжанов, Еңбек мобильділігі орталығының қоныс аудару бөлімінің басшысы:
– Ресми түрде жұмысқа орналасқаннан кейін ғана көшіп келушілерге біржолғы 70 АЕК мөлшерінде төлем беріледі. Ал алты ай тұрғаннан кейін тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеуге арналған қаражат бөлінеді. Бір жыл тұрған соң ғана жоғарыда айтылған экономикалық сертификат түріндегі қаржылай көмек беріледі.
Сондай-ақ қоныс аудару бағдарламасынан Петропавл қаласы алынып тасталды. Енді азаматтар тек ауылдық елді мекендерге қоныстана алады. Жалпы жыл басынан бер өңірге 744 отбасы көшіп келген.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #СҚО #отбасы #қоныс аудару #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz