Шығыс Қазақстанда шалғайдағы Қыстау Күршім ауылында заманауи білім беру ошағы бой көтерді. Осыған дейін елу жылғы ескі нысанда білім алып келген ауыл балалары енді талапқа сай жабдықталған жаңа ғимаратта оқып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
«Мұндағы мақсат - елді мекендердегі мектеп пен қала мектебінің арасындағы алшақтықты жою», – дейді сала басшылары. Мамандардың айтуынша, бұл жоба одан әрі жалғасады.
Қыстау Күршім - отыздан астам түтіні бар тау арасындағы аядай ауыл. Мұндағы оқушылар осыған дейін 50 жыл бұрын салынған ескі нысанда оқып келді. «Әбден тозығы жеткен ғимарат соңғы жылдары жөндеуді де көтере алмайтын болды», – дейді мұғалімдер. Сондықтан елді мекенде 50 орындық мектеп салынды.
Назым Рыспаева, Қыстау Күршім негізгі орта мектебінің директоры:
– Енді бұл мектепті өмір бойы күттік деп айтуға болады. Бұл - қаншама түлектердің, әпкелеріміздің, ағаларымыздың арманы болып келген мектеп. Енді бұл жаңа мектеп, ауылдағы үлкен мәдени ошақтың бірі ғой. Бұл ғимараттың салынуы ауылымыз үшін бір тарихи күн болды. Жаңа мектеп, жаңа ғимарат, жаңа талапқа сай, бұл - сапалы білімнің кепілі.
Бұрынғы мектепте спорт залы деген атымен болмаған. Дене шынықтыру сабағы жазда далада, қыста стол ойындарымен ғана шектелетін. Енді балалар кең де жарық жерде еркін доп қуып, түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алды. Сырым Әлімғожин 9-шы сынып оқиды. «Жеткіншек жаңа мектептің салынуы оқуға деген құштарлығымызды арттырды», – дейді.
Сырым Әлімғожин, мектеп оқушысы:
– Қазіргі жаңа мектеп, спорт залы кең, ең жақсы, қыста футбол, волейбол ойнаған сияқты біз спортпен айналыса аламыз. Күрес үйірмелері ақырын-ақырын ашылып жатыр. Ал тағы да алатын болсақ, көптеген кабинеттер келді, біз өзімізге ұнайтын істермен айналыса аламыз, оқуға да ынтамыз ашылды.
Білім беру мекемесі офтейк-келісімшартпен салынған. Осы жазда бұл әдіспен ауыл-аймақта жалпы сыйымдылығы 250 орынға жететін 3 мектептің құрылысы аяқталды. «Шалғайдағы елді мекендердің көпшілігі жаңа нысандармен қамтылып жатқанмен, облыс орталығындағы тапшылық өзекті болып тұр», – дейді сала өкілдері. Өскеменде 4 мың оқушы орны жетіспейді. Сондықтан келер жылға бірнеше мекеменің құрылысы жоспарланған.
Қуат Оқасов, ШҚО Білім басқармасының басшысы:
– Шағын аудандар, көпқабатты үйлер салынып жатыр. Сол үшін бізде оқушы орындары тапшылық, 4000-ға таяу. Енді жоспарлап отырғанымыз - жақын арада 600 орындық мектеп, содан кейін 1200 орындық мектеп және 23-ші шағын ауданда тағы да 300 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз.
Облыста соңғы 4 жылда жалпы 21 мектеп бой көтерді. Жыл соңына дейін Зайсан Марқакөл аудандарында тағы үш нысан қолданысқа беріледі.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #Күршім #Шығыс Қазақстан #мектеп #оқушылар
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz