RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Астана халқы екі есе артса да дайын болуы керек – урбанист

27.11.2026, 10:20 21

 Алдағы уақытта Астана халқының саны екі есе артса да, қала мұндай өсімге дайын болуы керек. Қазір елордада халық санының ұлғаюын ескеріп, инфрақұрылымды дамыту, көлік жүйесін жетілдіру және жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы Урбанистика орталығының аға урбанисі Нұрқожа Ерсайын «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

 

Маманның айтуынша, ауылдан қалаға көшу – Қазақстанға ғана тән құбылыс емес, әлемде бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Адамдар ірі қалаларға білім алу, жұмыс табу және жақсы өмір сүру мүмкіндіктерін іздеп келеді. Сондықтан урбандалу қарқынын тежеуге тырысқаннан гөрі, осы үдерісті ескеріп, қалаларды дұрыс жоспарлау маңызды.

 

Урбандалуды тежеудің қажеті жоқ. Бұл – жалпы әлем бойынша бұрыннан бар тенденция. Кішігірім қалалар мен ауылдардан халық үлкен қалаларға, мегаполистерге қарай тартылады. Себебі онда экономика дамыған, мүмкіндіктер көбірек. Бірақ қазір ауылда қалып жатқан жастар да көп. Ауылда да жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатыр, – дейді Нұрқожа Ерсайын.

 

Сонымен қатар урбанист әлемде қала тұрғындарының ауылдық жерлерге көшу үрдісі де байқала бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, Еуропа, Америка және Австралияның кейбір елдерінде мұндай көші-қон біртіндеп қалыптасып келеді. Алайда Қазақстан әзірге урбандалудың қарқынды кезеңінде. Маманың пікірінше, бұл үдерістің бағыты уақыт өте өзгеруі мүмкін. Өйткені адамдардың өмір салты мен қалаға деген қызығушылығы да уақыт өте өзгереді.

 

Қала халқының көбеюі жағдайында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру да маңызды. Нұрқожа Ерсайынның айтуынша, қазіргі урбанистикада басымдық тек ғимараттар салуға емес, қоғамдық кеңістіктерді дамытуға беріліп отыр. Бұған саябақтар, скверлер, аллеялар мен демалыс орындары жатады.

 

Бұрын, осыдан 10–20 жыл бұрын, бүкіл құрылыс зәулім әрі әдемі ғимараттар салуға бағытталатын. Ал қазір керісінше, ғимараттардан бөлек қоғамдық кеңістіктерге негізгі назар бөлініп жатыр. Қаланың қақ ортасындағы жақсы жер телімдерін ғимараттарға емес, саябақтарға, скверлер мен аллеяларға бөліп жатыр. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Адам 24 сағат өз пәтерінде өткізбейді. Далаға шыққан кезде де өзін жайлы сезінуі керек, – дейді маман.

 

Ол қала халқының көбеюін тек бюджетке түсетін салмақ ретінде қарастыруға болмайтынын да айтты. Өйткені тұрғындар қала экономикасының дамуына үлес қосады: жұмыс істейді, салық төлейді, күнделікті тауарлар мен қызметтерді тұтынады. Дегенмен халық саны артқан сайын тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол және инженерлік желілерге деген қажеттілік те көбейетіні анық.

 

Бұл ретте Қазақстан басқа мемлекеттердің тәжірибесін пайдаланып, олардың жіберген қателіктерін қайталамауға мүмкіндік алып отыр. Урбанистің пікірінше, халқы миллионнан асатын, тіпті 10 және 100 миллионға жететін қалалардың даму жолын зерттеу арқылы болашақтағы ықтимал мәселелерді алдын ала болжауға болады.

 

Бізге жаңадан бірдеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Әлемде қаншама елдің тәжірибесі бар. Халқы 1 миллион, 10 миллион, тіпті 100 миллионға жететін қалалар бар. Біз соларға қарап, өз болашағымызды көре аламыз. Олардың қателіктерін қайталамай, қалаларымызды одан да жақсы етіп дамытуға мүмкіндік бар, – дейді Нұрқожа Ерсайын.

 

Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік қалалардың даму тәжірибесін талдап қана қоймай, оны жергілікті жағдайға бейімдеп қолдануға тырысып жатыр. Маман бұл тұрғыда Астананың әлеуетін ерекше атап өтті. Елорда шетелдік урбанистердің назарын аударып, халықаралық жиындар мен саммиттерде жоғары бағаланып жүр.

 

Астана – дұрыс салынып, дұрыс жоспарланып жатқан қала. Көптеген шетелдік урбанистер елордаға келіп, оның дамуына жоғары баға береді. Басқа мемлекеттерде мың жыл бұрын қалыптасқан қалалар бар. Ондағы көше-жол желісін түбегейлі өзгерту қиын. Ал Астана, әсіресе сол жағалауы – жаңа қала. Сондықтан мұнда бәрін бірден дұрыс жоспарлап, заманауи талаптарға сай дамытуға мүмкіндік бар. Шетелдік мамандарды қызықтыратыны да осы, – деп түсіндірді ол.

 

Алдағы он жылда қала халқының өсуіне байланысты көлік кептелісі, су, жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелері өзекті болуы мүмкін. Алайда урбанист бұл тәуекелдердің алдын алу жұмыстары қазірден қолға алынғанын жеткізді.

 

Оның сөзінше, Астананың бас жоспарында қаланың аумағын кеңейту, көлік инфрақұрылымын дамыту және халық санының ықтимал өсімін ескеру қарастырылған. LRT жобасы да елорданың көлік жүйесін дамытуға бағытталған қадамдардың бірі. Сонымен қатар қала көшелері мен жолдары болашақтағы жүктемені ескере отырып жоспарланған.

 

Нұрқожа Ерсайын Астана қаласы Урбанистика орталығының негізгі міндеті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру екенін атап өтті. Орталық мамандары қала кеңістігін дамытуға қатысты жобалар әзірлеп, оларды әкімдікпен бірлесіп жүзеге асырады. Басты мақсат – елорда халқының саны қанша артса да, тұрғындардың өмір сүру сапасын төмендетпей, қауіпсіз әрі жайлы қала қалыптастыру.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz