Ақтөбе облысында табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен тұрғындарға жаңа баспаналардың кілті табысталды. Байғанин ауданында алапат дауылдан қираған үйлердің орнына жаңа үйлер салынды. Естеріңізге сала кетсек, шілде айында аудан орталығы Қарауылкелді ауылында құйын соғып, жүздеген ғимарат қирап қалған болатын, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгін табиғи апаттан зардап шеккен 32 отбасы баспаналы болды. Оларға ескі үйінің көлеміндей етіп, жаңа баспана салынған. Қоныс тойын атап өткен жандардың бірі – зейнеткер Тұрсын Мәтекбаева. «Жаздың жаймашуақ күнінде дәл мұндай алапат дауыл соғып, баспаналарды жайпап тастарын күтпедік», – дейді ол.
Тұрсын Мәтекбаева, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:
– Дауылы, жауыны, найзағайы – барлығы бірден келді. Не болғанын түсінбей қалдық. Есікті жұлып әкетті. Үйдің ішін түгел алып, төбедегі шиферді де ішке қарай лақтырып жіберді. Бірақ, әйтеуір, адамдардың аман қалғанына қуандық. Бүгін өте қуаныштымын. Барлық азаматтарға аналық атағымды ала отырып, шынайы ризашылығымды білдіремін. Қапелімде осындай дәрежеге жетеміз деп ойлаған жоқпыз.
Жалпы аудан орталығында 314 баспана қираған болатын. Мемлекеттік қолдау аясында 220 үйдің иесіне тиісті өтемақы төленді. Тұруға жарамсыз болып қалған 74 үйдің орнына жаңасы салынды. Сонымен қатар 9 әлеуметтік нысан қайта жөнделді.
Айбек Көпенов, Байғанин ауданының әкімі:
– Әлеуметтік нысандардың қатарындағы балабақшалар мен мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олар 1 қыркүйекке дейін оқу жылына дайын күйде пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта спорт кешенінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы бұл ғимараттарды жыл соңына дейін тапсыру жоспарланып отыр.
Жойқын дауылдан зардап шеккен 28 бизнес нысанына да облыстың төтенше резервінен қаржы бөлініп, шығын өтелді. Алдағы он күн ішінде жаңадан салынған тағы 42 баспана тапсырылады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев
Тегтер #Ақтөбе облысы #дауыл #зардап шеккендер #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz