Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем тәртібі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өзгереді. Енді төлем мерзімі адамның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1, 2 немесе 3 айды құрайды. Сонымен қатар жұмыс іздеушілерге қолдау көрсету тәртібі де жаңарады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір жұмысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалады. Оны алу үшін жұмыссыз ретінде ресми тіркелу қажет. Азамат Мансап орталығына, eGov.kz порталына немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасына өтініш бере алады.
Әлеуметтік аударымдары кемінде 6 ай төленген азаматтарға соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 45%-ы мөлшерінде төлем беріледі. Қолдау мерзімі адамның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.
2027 жылдан бастап төлем мерзімі мынадай тәртіппен белгіленеді:
· 6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік аударым жасалған болса – 1 ай;
· 12 айдан 24 айға дейін – 2 ай;
· 24 айдан астам болса – 3 ай.
Жаңа тәртіп бойынша жұмыссыз қалған азамат бірден жұмыссыз мәртебесін алмайды. Алдымен 13 күн бойы жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, Мансап орталығының көмегіне жүгінеді. Осы уақыт ішінде мамандар оның еңбек тәжірибесі мен дағдыларын бағалап, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады және жұмыс берушілермен сұхбат ұйымдастырады. Егер осы мерзімде жұмыс табылмаса, азаматқа жұмыссыз мәртебесі беріліп, әлеуметтік төлем тағайындалады. Жұмыс іздеуге көмектесу және қайта даярлау шаралары бұдан кейін де жалғасады.
Бұл тәртіп 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық режимде енгізілген.
Әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де өседі. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Осыған байланысты жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін артады.
Мансап орталықтары азаматтың әлеуметтік төлем алатынына қарамастан, оны жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Жыл басынан бері өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 626,9 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның 114,3 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан.
Сонымен қатар 110,1 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасып, 60,5 мың азамат Skills.enbek.kz платформасында оқудан өткен. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 37,3 мың адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Бұдан бөлек, 3,2 мың адамға 400 АЕК-ке дейін грант берілген.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #әлеуметтік төлем #жұмыссыздық #ең төменгі жалақыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz