RU
Толық нұсқаға өту

Депозит немесе пәтер: қаржыны қайда құйған тиімді?

27.11.2026, 13:34 33

Депозит немесе пәтер, артық ақшаны сақтау әрі көбейту үшін қайда салған дұрыс? Қосымша жылжымайтын мүлік қазақстандықтар үшін пассивті табыс көзі ретінде қарастырылып келді. «Алайда соңғы жылдары бұл тенденция өзгерді», – дейді сарапшылар. Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Қолыңызда артық ақша болса, оны қайда салған дұрыс? Қазақстандықтар үшін дәстүрлі әдістер ол - әрине, депозит пен жылжымайтын мүлік. Көбі соңғысын таңдап, пәтер алып, оны жалға беруді жөн көретін. Үй бағасы жыл сайын өседі, қосымша жалға беру ақысы тағы бар деп ойлайтын. Алайда сарапшылар бүгінде бұл тәсілдің тиімсіз екенін айтып отыр. Экономист Сәбит Рысбаевтың пайымынша, қазір баспана бағасы төмендеп келеді. Ал депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі көтерілді. Сондықтан қазір жинақ тиімді.

Сәбит Рысбаев, экономист:

– Егер былай есептейтін болсақ, 20 млн теңгені депозитке салсақ, Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесі осы деңгейде сақталған жағдайда бес жылдың ішінде 17 млн теңге табыс табуға болады. Ал қазір 20 млн теңгенің шамасында ескілеу бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Оны жалға берсек, айына 150 мың теңгеден, жылына 1 млн 800 мың теңге табыс түседі. Ал депозиттен жылына 3,5 млн теңге табуға болады. Оның үстіне, пәтер уақыт өте келе тоза бастайды. Тұрмыстық техникасын жаңарту қажет болуы мүмкін. Басқа да қосымша шығындар туындайды. Ал депозитте мұндай қосымша шығындар жоқ. Оның үстіне мемлекет 20 млн теңгеге кепілдік беріп отыр. Пайыздық мөлшерлемесі де жоғары.

«Депозитке ақша салғанда экономист: "Осы мемлекет беретін кепілдік көлемін де ескерген жөн", – дейді. Ал ол – 20 млн теңгеге дейінгі қаражат. Сондықтан бұл сомадан көп қаржыны банкте жинайтын болсаңыз, бірнеше адамның атынан жеке-жеке депозит ашып, бөліп сақтаған тиімді. Жылжымайтын мүлік те жыл сайын қымбаттап, қосымша табыс әкелуі мүмкін. Алайда дәл қазіргі жағдайды ескерсек, депозитке жетері жоқ деп отыр. Себебі оның жылдық табысы орташа есеппен - 18 пайыз. Ал пәтерді жалға беру арқылы табатыныңыз 10 пайыздан аспауы мүмкін. Бірақ халықтың пікірі қашан да сан түрлі.

Сарапшылардың сөзінше, баспана бизнесі қазір бұрынғыдай емес. Керісінше, тұрғын үй нарығында белсенділік бәсеңдеген. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда қаңтар-қазан айлары аралығында жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27 мыңға аз тіркелген. Ал қазан айындағы көрсеткіш өткен жылдың қазанындағы көрсеткішке қарағанда 23 пайызға төмендеген. Сондықтан қаржыны инвестициялаудың басқа жолдарын қарастырған абзал.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz