RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Энергетикалық сусындардан бас тарту керек – маман

27.11.2026, 16:26 17

Энергетикалық сусындар жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырлары мен ас қорыту жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Олардың құрамындағы кофеин мен қант ағзаның қалыпты жұмысына салмақ түсіреді. Сондықтан мұндай сусындарды тұтынуды шектеу қажет. Бұл туралы Е.Д. Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми зерттеу институтының аға Бағай Назарбайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Маманның айтуынша, энергетикалық сусындар адамды уақытша сергіткенімен, бұл әсер ұзаққа созылмайды. Кофеин жүйке жүйесін жасанды түрде қоздырып, жүрек соғысы мен қан қысымына ықпал етеді. Ал сусын құрамындағы қант пен өзге де қоспалар ағзаға қосымша салмақ түсіреді.

Бұл уақытша сергіген сияқты болғанмен, оның әсері керісінше ағзаға жайсыздықтар алып келеді, – дейді Бағай Назарбайұлы.

Сондай-ақ маман энергетикалық сусындарды әсіресе жастарға тұтынбауға кеңес береді. Себебі жас ағзаның қалыптасу үдерісі әлі аяқталмағандықтан, мұндай өнімдердің кері әсері жылдам байқалуы мүмкін. Ал ересектер үшін де қауіп жоқ емес. Энергетиктерді жиі тұтыну жүйке, жүрек-қан тамырлары және ас қорыту жүйелеріне кері әсер етуі ықтимал.

Маманның пікірінше, шаршаған кезде энергетикалық сусындардың орнына таза су немесе шай ішкен дұрыс. Ал ұзақ жолға шыққанда ұйқыны басу үшін энергетикке жүгіну қауіпсіз шешім емес.

Мен дәрігер ретінде айтар едім: ешқандай ішпеу керек. Оны күніне де, ешбір қажетті физикалық қысым кезінде болсын, жол сапар кезінде болсын, ішпеуге тырысу керек, – деді ол.

Бұдан бөлек, сарапшы энергетикалық сусындардың құрамына қатысты талаптарды күшейту қажет деп санайды. Оның айтуынша, өндірушілер өнімнің сыртқы қаптамасында қант пен өзге де қоспалардың нақты мөлшерін көрсетуі тиіс. Сондай-ақ тұтынушыларға ықтимал кері әсерлері туралы толық ақпарат берілуі керек.

Бірінші, халық сауатты болу керек, ненің зиянды, ненің зиянсыз екенін білу керек. Екінші, осындай энергетик сусындарды өндіретін өндіріс орындарында талапты қатайту керек, – деп түйіндеді Бағай Назарбайұлы.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz